Багам аралдарында өткен сән-салтанатты мереке Вашингтонда саяси дауға ұласты. АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік кәсіпкер Умар Кремлев көтерген шығынды ұлының қайтарғанын айтып, достың той өткізіп беруін «қалыпты әрі рұқсат етілген жағдай» деп бағалады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Дау Дональд Трамп-кіші мен Беттина Андерсонның үйленуіне байланысты ұйымдастырылған мерекеден кейін басталды. ProPublica зерттеуінде Багам аралдарындағы демалыс пен салтанатты шараның бір бөлігін Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлев қаржыландырғаны айтылды. Шығын көлемі бірнеше жүз мың долларға жетуі мүмкін.
АҚШ президенті журналистерге берген жауабында ұлының ақшаны қайтарғанын естігенін мәлімдеді. Ол Кремлевтің мерекені қаржыландыруын заңға қайшы әрекет деп санамайтынын жеткізді. Трамптың өзі салтанатты шараға қатыспаған және ресейлік кәсіпкерді танымайтынын айтқан.
– Менің түсінуімше, ол ақшаны қайтарды. Біреудің досы оның үйлену тойына байланысты мереке ұйымдастырып беруі қалыпты жағдай. Мұндай әрекетке рұқсат етіледі, – деді Дональд Трамп.
Жас жұбайлар ресми некелесу рәсімі отбасы мүшелері қатысқан шағын форматта өткенін түсіндірді. Ал Кремлев Багам аралдарындағы тойдан кейінгі екі кешті ұйымдастыруға көмектескен. Беттина Трамп оны отбасына айрықша жомарт сый жасаған жақын дос деп атады.
Дональд Трамп-кішінің өкілі де Кремлевпен арадағы байланыстың саяси сипаты жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі тарапты боксқа және табиғат аясындағы демалысқа деген ортақ қызығушылық жақындастырған. Соған қарамастан, Ресей билігіне жақын кәсіпкердің АҚШ президенті ұлының мерекесін қаржыландыруы Конгрестегі демократтардың назарын аударды.
Трамптың тойы Конгресстегі жаңа тексеруге ұласты
Умар Кремлев Халықаралық бокс қауымдастығын 2020 жылдан бері басқарып келеді. Оның тұсында ұйым ресейлік «Газпромнан» ондаған миллион доллар көлемінде демеушілік қаражат алған. Кремлев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Ресейдің Достық орденімен марапатталған.
Халықаралық олимпиада комитеті 2023 жылы IBA ұйымын мойындау мәртебесінен айырды. Шешімге ұйымның басқару жүйесі, қаржылық ашықтығы және төрешілік мәселелеріне қатысты ұзақ уақыт шешілмеген күмән себеп болды. Соның нәтижесінде олимпиадалық бокс жарыстарын өткізу ісі IBA құзыретінен шығарылды.
АҚШ Конгресіндегі демократтар шетел азаматының президент отбасы мүшесіне осындай көлемде сый жасауы ықпал ету әрекеті болуы мүмкін деп алаңдап отыр. Олар мерекені кімнің және қандай арна арқылы қаржыландырғанын, сондай-ақ сыйдың орнына қандай да бір өтініш айтылған-айтылмағанын анықтауға ниетті. Тексеру әзірге саяси бастама деңгейінде жүріп жатыр.
АҚШ Әділет министрлігі қылмыстық тергеу бастауға негіз көрмейтінін мәлімдеді. Бас прокурор Тодд Бланштың айтуынша, ведомствоға араласуды талап ететін құқықтық себеп анықталмаған. Трамптың ұлы қаражатты толық қайтарған болса, жағдайдың құқықтық қыры әлсіреуі мүмкін, алайда саяси және этикалық сұрақтар күн тәртібінде қала береді.
Даудың өзегінде тойдың сән-салтанаты ғана тұрған жоқ. АҚШ президентінің отбасы мен Ресей билігіне жақын тұлғаның қаржылық байланысы Вашингтонда әрдайым ұлттық қауіпсіздік пен саяси ықпал өлшемімен бағаланады. Сондықтан жеке достық ретінде басталған Багамдағы мереке Конгресс дәлізіндегі кезекті тексеруге айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







