Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 105 жылдығына арналған «Заман мен зиялы мінбері» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ғасырдан астам уақыт бойы елдің қоғамдық ойы мен рухани өмірінің шежіресін қалыптастырған басылымның мерейтойы аясында оның тарихы, бүгінгі бағыты және цифрлық дәуірдегі жаңа міндеттері талқыланды, — деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатынан басталды. Президенттің лебізін оның кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Құттықтауда дәстүрлі баспасөз сапалы сараптама мен жауапты журналистиканың негізгі тіректерінің бірі болып қала беретіні айтылған.
Мемлекет басшысы «Ақиқаттың» 105 жылдығын тұтас ұлт руханиятының тағылымды шежіресі әрі өнегелі басылымның бірегей жылнамасы деп бағалады. Журнал беттерінде Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин бастаған ұлт зиялыларының туындылары жарияланып, халқымыздың тағдыры мен елдік мұраты хатталған.
«Қазіргідей оқырман талғамы өзгеріп жатқан кезеңде байыпты сөздің, терең талдаудың, парасатты пайымның қадірі бұрынғыдан да арта түскені анық. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде салиқалы ойдың мінбері болып қалу «Aqiqat» журналының жауапты миссиясы деп санаймын», — делінген Президенттің құттықтау хатында.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтауын «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Ержан Байтілес жеткізді. Министр журналдың ғасырдан астам тарихы Қазақстанның қоғамдық-саяси және рухани өмірімен сабақтасып жатқанын атап өткен.
Ұлт мүддесін байыппен зерделейтін басылым
Арман Қырықбаевтың пікірінше, басылым ұлттың ой-санасының өсуіне, қоғамдық пікірдің қалыптасуына және қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосты. Әр кезеңде атауы мен мазмұндық бағыты өзгергенімен, қоғамның көкейкесті мәселелерін талқылайтын беделді пікір алаңы ретіндегі сабақтастығы үзілген жоқ.
«Бүгінде «Aqiqat» өзекті мәселелерді тереңнен талдап, ұлт мүддесін байыппен зерделейтін салмақты басылым ретінде оқырман ықыласына бөленіп келеді. Бұл журналдың әр жылдардағы басшыларының, ардагер қаламгерлерінің және қазіргі шығармашылық ұжымының еселі еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз», — делінген министрдің хатында.

«Ақиқаттың» тарихи жолы 1921 жылғы 15 қыркүйекте Орынбор қаласында басталды. Алғашында «Қызыл Қазақстан» атауымен жарық көрген басылымның тұңғыш бас редакторы мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Абдолла Асылбеков болды.
Журналда әр жылдары Ораз Жандосов, Смағұл Сәдуақасов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Ұзақбай Құлымбетов, Ғаббас Тоғжанов, Ерғали Алдоңғаров секілді көрнекті тұлғалар қызмет етті. Басылым уақыт тынысын жеткізіп, ұлт баспасөзінің айнасына айналды.
Кейін журнал «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі» және «Қазақстан коммунисі» атауларымен жарық көрді. Қоғамдық құрылыс пен саяси жүйе өзгерген сайын оның атауы да ауысты, алайда қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін көтеру дәстүрі сақталды.
Мерейтойлық конференцияда журналдың бас редакторының орынбасары Дина Имамбай басылым тарихына арналған баяндама жасады. Оның айтуынша, 1921 жылы шыққан алғашқы нөмірден бастап журналдың әр парағы тарихи шежіреге айналған.
Партиялық басылым болған кезеңнің өзінде журнал беттерінен Ахмет Байтұрсынұлының ақыл-кеңесі мен Алаш қайраткерлерінің мемлекетшілдік ұстанымы көрініс тапты. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Смағұл Сәдуақасов секілді қаламгерлердің еңбектері де оқырманға осы басылым арқылы жетті.
Журнал алғашқы жылдардан-ақ қазақ тілінің қоғамдық мәртебесіне назар аударған. Мәселен, 1923 жылғы сандардың бірінде мемлекеттік органдарда қазақ тілін білмейтін қызметкерлердің көп екені, қарапайым халықтың билік өкілдерімен тілмашсыз сөйлесе алмайтыны сынға алынған.
1930 жылдары басылым латын қарпімен шығып, оның жауапты редакторлары қатарында Жанайдар Сәдуақасұлы мен Ораз Жандосұлы болды. Кейін журналды Сарыбаев, Сүгіров және Мусин басқарды. 1938 жылы «Коммунист» атауын алған басылымның таралымы 15 мың данаға дейін жеткенімен, соғыс кезінде жұмысы уақытша тоқтатылды.
Дина Имамбай қазіргі технологиялық өзгерістер қағаз басылымдардың қызметіне де жаңа талап қойып отырғанын айтты. Оның пайымынша, «Ақиқат» секілді іргелі журналдар терең аналитика мен кәсіби сараптаманың сенімді алаңына айналуы керек.
Алаштың «Ақиқаты»
Конференция барысында журналда еңбек еткен қаламгерлер өз естеліктерімен бөлісті. Белгілі журналист Жанболат Аупбаев «Ақиқаттағы» еңбек жолының кәсіби қалыптасуына ерекше ықпал еткенін айтты.
Ол 1986 жылы бас редактор болып келген Кәкімжан Қазыбаевтың журнал жұмысын жаңғыртуға күш салғанын еске алды. Қайта құру кезеңіндегі күрделі қоғамдық ахуалға қарамастан, редакция тың тақырыптарға бет бұрып, жүйелі жоспармен жұмыс істей бастаған.
«Кәкеңнің арқасында журналға жаңа леп келді. Бізге жоспар жасатып, жүйелі жұмыс жүргізді. Тың тақырыптарға қалам тербедік. «Ақиқат» журналында істеген жылдарымды журналист ретінде қалыптасқан шағым деп білемін», — деді Жанболат Аупбаев.

Журналдың бас редакторы Дәуіржан Төлебайдың айтуынша, ғасырлық тарихы бар басылым туралы жүйелі зерттеулер аз. Сондықтан редакция ұжымы «Қызыл Қазақстан» кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі мұраны бір кітапқа жинақтауды жөн көрген.
«Кітап екі тараудан тұрады. Бірінші бөліміне естеліктер мен зерттеулер жарияланса, екінші бөлімде Дина Имамбай «Қызыл Қазақстан» деп аталған кезеңнен бергі барлық материалдарға шолу жасады. Кітап атауының өзіндік себебі бар. Журнал тарихында Алаш арыстары еңбек етті және олардың туындыларын алғаш жариялаған басылымдардың бірі осы журнал болды», — деді Дәуіржан Төлебай.
Конференция соңында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Ержан Байтілес басылым ардагері Сарбас Ақтаевты «Парламентке 30 жыл» медалімен марапаттады.
Орынборда басталған шағын басылымның жолы 105 жылдан кейін ұлттық қоғамдық ойдың үлкен шежіресіне ұласып отыр. Ендігі міндет — ғасыр бойы қалыптасқан интеллектуалдық сабақтастықты сақтап, жылдам ақпарат пен жасанды интеллект үстемдік еткен кезеңде оқырманға байыпты сөз, терең талдау және парасатты пайым ұсыну.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







