Қазақ ешкімнен ақыл-ойы немесе қарым-қабілет жағынан кем туған жоқ. Алайда сол әлеуетті үздіксіз біліммен толықтырмай, заман бәсекесінде алға шығу қиын екенін журналист Алмат Әбдіраманның ой-толғауы аңғартады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алмат Әбдіраманның айтуынша, мәселе ұлттың қабілетінде емес, оны қалай пайдаланатынында жатыр. Әлем өзгерген сайын адам да оқып, үйреніп, білімін жаңартып отыруы қажет. Кешегі жетістік бүгінгі бәсекенің талабына толық жауап бере бермейді.
Журналист бұл ойдың негізін Абайдың жиырма бесінші қара сөзінен іздейді. Хәкім өз дәуірінде жұртты заманның озық ғылымын меңгеруге, дүниенің пайдалы білімін үйренуге үндеген. Оның ойынша, Абай айтқан талап қазір бұрынғыдан да өзекті.
Бүгінде әлемнің кез келген кітабы мен ғылыми жаңалығына қол жеткізуге мүмкіндік бар. Алайда толассыз ақпарат ағыны көбейген сайын адамның кітапқа бөлетін уақыты қысқарып барады. Кітаптың қолжетімді болуы мен оны терең түсініп оқу екі бөлек мәселеге айналды.
Алмат Әбдіраманның айтуынша, смартфондағы ақпарат адамның назарын бір тақырыптан екіншісіне жылдам ауыстырады. Оқырман жаңалықты көргенімен, көп ұзамай ұмытып қалады. Ал кітап сабыр сақтап, бір ойдың соңына дейін баруды және бұрынғы түсінікті қайта саралауды талап етеді.
Оның ойынша, кітаптың пайдасын білім мен сөздік қорды көбейтумен ғана шектеуге болмайды. Тұрақты оқу ойлау, салыстыру, талдау және қорытынды жасау қабілетін дамытады. Ақыл-ойды үнемі жұмыс істету адамның танымдық белсенділігін сақтауға да ықпал етеді.
Зерделі ұлттың жаңа қадамы
Кітап адамды өзге пікірмен таныстырып, жалғыз көзқарастың шеңберінде қалдырмайды. Бірлесіп оқу мен шығарманы ортада талқылау адамдардың әлеуметтік байланысын нығайтып, жалғыздық сезімін азайтуы мүмкін. Осы тұрғыдан қарағанда, оқу жеке әдетпен шектелмей, қоғамдық мәдениетке айналады.
Журналистің пікірінше, дамыған елдер оқу сауаттылығын мәтінді оқып шығумен өлшемейді. Негізгі талап ақпаратты түсіну, бағалау, салыстыру және одан дербес қорытынды шығара білуге қойылады. Қазақстан қоғамына да осындай терең оқу дағдысы қажет.
Алмат Әбдіраман Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған зерделі ұлт идеясын көп мәлімет білетін адамдардың жиынтығы деп қабылдамауға шақырады. Оның ойынша, зерделі ұлт ойлана алатын, сұрақ қоятын, ізденетін және шешімін білімге сүйеніп қабылдайтын қоғамнан қалыптасады. Кітап оқу осы сапаларды орнықтыратын негізгі құралдың бірі саналады.
Журналист Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың үндеуінен кейін «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына тіркелген. Енді ол алты ай ішінде ұсынылған 15 кітапты оқып, білімін интеллектуалдық сайыста сынамақ. Алайда оның басты мақсаты жүлде иелену немесе оқығанын өзгелерге көрсету емес.
Алмат Әбдіраман кітапты өзі үшін оқитынын, сонымен бірге ортақ іске азамат ретінде үлес қосқысы келетінін айтады. Оның пайымынша, «Кімнен кембіз?» деген сауалға сөзбен ғана жауап беру жеткіліксіз. Ешкімнен кем болмасақ, білімнен, ізденістен және кітап оқудан да кейін қалмауға тиіспіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







