Қазақстанда тұмауға қарсы вакциналау науқаны белгіленген мерзімде басталмады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, препараттың алғашқы партиясы өңірлерге қазан айының басында жеткізіледі, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бас мемлекеттік санитар дәрігер Сархат Бейсенова тамызда тұмауға қарсы иммундау науқанын 15 қыркүйектен бастау туралы қаулыға қол қойған еді. Алайда белгіленген күннен кейін емханаларға барған тұрғындар вакцинаның жоқ екенін білген. Кейбір медициналық ұйымдарда екпені ақылы негізде де алу мүмкін болмай отыр.
Тұмауға қарсы екпе бірінші кезекте инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға арналған. Олардың қатарына созылмалы ауруы бар адамдар, жүкті әйелдер, мектеп оқушылары, кішкентай балалар мен егде жастағы тұрғындар кіреді. Жабық мекемелерде және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орындарында тұратын азаматтар да осы топқа енгізілген.
Вакцинаны індет өршімей тұрып салдыру маңызды. Адам ағзасына иммундық қорғаныс қалыптастыру үшін белгілі бір уақыт қажет. Сондықтан жеткізілім мерзімінің өзгеруі эпидемиологиялық маусым қарсаңындағы дайындыққа қатысты сұрақ туғызды.
Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылға өңірлік басқармалардың өтінімі бойынша 2,2 миллионнан астам доза сатып алынғанын мәлімдеді. Бірыңғай дистрибьютор ресейлік «НПО Петровакс Фарм» компаниясы өндіретін «Гриппол плюс» вакцинасын таңдаған. Препарат ел аумағына бірнеше кезеңмен жеткізіледі.
Министрліктің түсіндіруінше, жеткізу кестесін өндіруші өзгерткен. Кідіріс Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығындағы тіркеу рәсімдеріне байланысты болған. Сараптама барысында вакцинаның штамдық құрамы жыл сайынғы талапқа сай жаңартылып, тиісті рәсімдер 2026 жылғы қыркүйекте аяқталған.
«Жеткізу мерзімі қайта қаралды. Препараттың алғашқы партиясы шамамен қазан айының басында келеді», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті екпенің тек тұмаудың алдын алуға арналғанын ескертті. ЖРВИ-ді көптеген вирус қоздыратындықтан, олардың бәрінен бірдей қорғайтын әмбебап вакцина жоқ.
Ресми дерек бойынша қыркүйек басталғалы Қазақстанда ЖРВИ-дің 51 937 жағдайы тіркелген. Көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,8 есе төмен. Әзірге тұмау мен жаңа вирустарды жұқтыру деректері анықталмаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







