Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Шахмұрат Мүтәліп пен Гаджи Гаджиев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қомақты материалдық көмек көрсететінін жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әр отбасына 25 миллион теңге
Кәсіпкер, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп Integra Construction KZ компаниясы атынан қайғылы оқиғада мерт болған әрбір сарбаздың отбасына 25 миллион теңгеден берілетінін мәлімдеді. Бұл қаржы мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік төлемдерден бөлек, тікелей туыстарының қолына табысталады.
Кәсіпкер қаза тапқан жауынгерлердің жақындарына қайғырып көңіл айтып, осындай қаралы күндерде ешкім де назардан тыс қалмауы тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, бауыр еті баласынан айырылған отбасыларды қолдау – әрбір азаматтың парызы.
«Ешқандай ақша ата-анаға перзентін қайтарып бере алмайды. Дегенмен дәл осындай сәтте бірде-бір отбасы өз қайғысымен жалғыз қалмауы керек», – деп мәлімдеді Шахмұрат Мүтәліп.
Спорт қауымдастығынан 100 миллион теңге
Халық кеңесінің тағы бір мүшесі, Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының жетекшісі Гаджи Гаджиев те қаза тапқандардың жақындарына арнайы қаржылық көмек бөлетінін жеткізді. Ол спорт саласы мен алқалы кеңес атынан марқұмдардың отбасыларына 100 миллион теңге қаржылай қолдау көрсететінін хабарлады.
Гаджи Гаджиев ел басына күн туған ауыр сәтте ортақ қайғыға бейжай қарап отыру мүмкін емес екенін баса айтты:
«Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі және еліміздің спорт қауымдастығының өкілі ретінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 миллион теңге көлемінде материалдық қолдау көрсету туралы шешім қабылдадым», – деп мәлімдеді спорт ұйымының басшысы.
Үкіметтік комиссияның нақтыланған мәліметі
Қайғылы жағдай 24 қыркүйек күні Каспий теңізі жағалауындағы жоспарлы оқу-жаттығу кезінде болды. Ауа райының кенеттен бұзылып, қатты екпінді жел мен дауылды толқынның тұруы салдарынан сарбаздарды ашық теңізге ағыс алып кеткен.
Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан Үкіметтік комиссияның нақтыланған соңғы дерегіне сәйкес, суға 17 әскери қызметші кеткен. Олардың ішінде 12 сарбаз қаза тапты, үш адам құтқарылды, ал жоғалған тағы екі адамды іздестіру-құтқару шаралары тәулік бойы тоқтаусыз жалғасуда. Бүгін елімізде қаза тапқан сарбаздарды аза тұту күні аталып өтуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






