Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскерилердің қаза табуына байланысты Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі тергеудің алғашқы нәтижелерін жариялады. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс екі баппен тергеліп, қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген нақты лауазымды тұлғалар күдікті деп танылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
30-дан астам сарбаздан жауап алынды
Бас прокуратураның хабарлауынша, жедел-тергеу тобы оқиға орнын толық қарап шығып, барлық құжаттамалар мен бейнежазбаларды тәркіледі. Тергеу барысында оқу-жаттығуға қатысқан 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды және сот-медициналық, техникалық сипаттағы 12 сараптама тағайындалды.
Құзырлы орган оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздік талаптары өрескел бұзылғанын растап отыр. Атап айтқанда, ауа райының қолайсыздығын ескермеген, жеке құрамның амандығына жауапсыз қараған және құтқару шараларын дұрыс ұйымдастырмаған нақты командирлердің әрекеті тексерілуде.
Тергеу жүріп жатқан қос қылмыстық бап
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Үкіметтік комиссия отырысында тергеудің мән-жайын баяндады. Оның мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қаралуда.
«Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі, яғни ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы бойынша кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қызметке салғырт қарау бабы бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырса, кеме жүргізу талаптарын бұзғаны үшін жеті жылға дейін жаза көзделген», – деп мәлімдеді Санжар Әділов.
Бас прокуратура барлық күдікті лауазымды тұлғаларға қатысты қатаң процессуалдық шаралар қабылданатынын, заң алдында ешкім де жазасыз қалмайтынын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







