Әлеуметтік желілерде әскери қызметшілердің қазасына қатысты манипуляциялық сипаттағы кезекті бейнежазба тарады. Кадрларда мәйітті автокөлікпен тасымалдап бара жатқан сәт көрсетіліп, оны Маңғыстау облысындағы оқиғамен байланыстырған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Желіде тараған жазбаны NoFake.kz редакциясы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығымен бірлесе зерттеп, оның шығу тарихын тексерді. Нәтижесінде бейнематериалдың Маңғыстаудағы оқиғаға еш қатысы жоқ екені анықталды.
Бейнежазба қай кезде жарияланған?
Мамандар түпнұсқа бейнежазбаны талдап, оның уақытын нақтылады. Жазба қыркүйек айындағы оқиғадан әлдеқайда бұрын жарық көрген.
«Бастапқы видеоны талдау оның қыркүйекте болған оқиғадан әлдеқайда бұрын, 2026 жылғы 19 тамызда TikTok желісінде жарияланғанын көрсетті», – деп нақтылады фактчекерлер.
Бейнематериалды желіге алғаш рет @abenov__01 есімді қолданушы жүктеген. Кейін түпнұсқа жазба өшірілгенімен, дәл сол видео 9 қыркүйекте @bauka.kz091 парақшасында қайта жарияланған. Яғни кадрлар қайғылы жағдайға дейін ғаламторда болған және соңғы оқиғаны көрсетуі мүмкін емес.
Түсірілім орны мен автокөлік деректері
Тексеру барысында видеоның нақты қай жерде түсірілгенін анықтауға мүмкіндік беретін геолокациялық сервистер қолданылды. Нәтижесінде бұл кадрлар Түркістан, Алматы немесе Жетісу облыстарының бірінде таспалануы мүмкін екені белгілі болды.
Сонымен қатар бейнежазбадан 676AVN13 мемлекеттік нөмірі бар Toyota Alphard көлігі көрінеді. Қолда бар деректер бойынша бұл автокөлік Түркістан облысында тіркелген. Аталған айғақтар да видеоның Маңғыстау өңіріне ешқандай қатысы жоқтығын айғақтайды.
Ақпараттық манипуляция қалай жүргізілді?
Қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ескі кадрлар желіге қайта шығып, «қаза тапқан әскери қызметшілердің денесін тасымалдап бара жатқан видео» деген жазбамен тараған. Яғни бұрынғы видеоға мүлде бөлек мәнмәтін берілген.
«Шынайы видеоны жалған күнмен немесе басқа мән-жайлармен байланыстырып көрсету – қоғамды жаңылыстырып, болмаған оқиға туралы теріс пікір қалыптастырудың кең таралған тәсілі», – деп атап өтті мамандар.
Сарапшылар қайғылы оқиғаны қаралым жинау мен желідегі парақшаларды жарнамалау мақсатында пайдаланатындар көбейгенін ескертеді. Мамандар азаматтарды эмоцияға берілмей, тек ресми және тексерілген мәліметтерге сенуге шақырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







