Қазақстанда жұмыссыз мәртебесін беру талаптары күшейтіліп, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айға дейін қысқарады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе мемлекеттік көмекті масылдыққа айналдырмай, азаматтарды нақты әрі лайықты жұмыспен қамтуға бағытталған. Осы өзгерістерді кезең-кезеңімен енгізу мақсатында елімізде 1 қазаннан бастап арнайы пилоттық жоба қолға алынып отыр.
Екі күннің орнына 13 жұмыс күні
Жаңа тәртіпке сай, жұмыс іздеп келген азаматқа ресми «жұмыссыз» мәртебесі бұрынғыдай екі күнде беріле салмайды. Мансап орталықтары мен электронды еңбек биржасы үміткерге 13 жұмыс күні ішінде лайықты қызмет іздестіреді. Осы уақыт аралығында мамандар азаматтың білімін, кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын егжей-тегжейлі зерттеп, тиісті бағыттарды айқындайды.
Ізденушіге қолайлы бос орындар ұсынумен қатар, кәсіби қайта даярлау курстары, субсидияланатын мемлекеттік жұмыс орындары немесе кәсіпкерлік бастамаларға қолдау тетіктері көрсетіледі. Егер 13 күн ішінде сәйкес келетін орын табылмаса ғана азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде есепке қойылады.
Үш рет бас тартқандар есептен шығарылады
Жаңа ережелерге сәйкес, жұмыс іздеушінің өзіне де қатаң жауапкершілік жүктеледі. Мансап орталығы бос жұмыс орнын ұсынған жағдайда, азамат үш жұмыс күні ішінде оған келісетінін немесе бас тартатынын ресми хабарлауға міндетті.
Ұсынылған лайықты үш бос орыннан себепсіз бас тартқан, мамандардың шақыртуына үш күн бойы жауап қатпаған немесе жұмыс орнына бес күн ішінде бармағандар тіркеуден бірден шығарылады. Осылайша, мемлекеттік органдарға тіркеліп алып, ұсынылған қызметтен жалтарып жүретіндерге тосқауыл қойылмақ.
Төлем үш аймен шектеледі
Әлеуметтік кодекске енгізілген түзетулер бойынша, 2027 жылдың басынан бастап жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем мерзімі барынша шектеледі. Бұрын бұл қаржы тиісті өтілі бар азаматтар үшін алты айға дейін төленіп келсе, енді үш айдан аспайды.
Ал жыл соңына дейін жалғасатын пилоттық кезеңде әлеуметтік төлемдер бұрынғы тәртіппен тағайындала береді. Ведомство мамандары жыл аяғына дейін өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұртшылықты жаңа жүйеге алдын ала бейімдеуді көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







