Әлеуметтік желідегі жазба, бөтен адамның фотосуреті немесе топтық чаттағы хабарлама сотқа жүгінуге негіз болуы мүмкін. Қазақстанның Жоғарғы соты азаматтарды жарияланымды өшіруге, теріске шығаруға және моральдық зиянды өтеуге міндеттеген екі істі мысалға келтірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алғашқы оқиға Өскеменде болған. Қала тұрғыны Instagram желісінен өзінің фотосуреті жарияланған бірнеше жазбаны көрген. Екі қолданушы суретті балағат сөздермен және әйелдің ар-намысына тиетін мәлімдемелермен толықтырған.
Жарияланым авторлары әйелді әдепсіз әрекетке және клиенттермен «пайдакүнемдік мақсаттағы айла-шарғыға» барды деп айыптаған. Сотта жауапкерлер жазғандарын «жеке пікіріміз» деп түсіндіруге тырысты. Алайда сот нақты адамға қатысты тағылған айып дәлелмен расталуға тиіс екенін көрсетті.
Іс барысында жауапкерлер өз сөздерінің дұрыстығын дәлелдейтін материал ұсына алмаған. Сонымен бірге әйелдің фотосуреті оның келісімінсіз пайдаланылғаны анықталды. Сот екі жағдайды да азаматтың жеке құқықтары мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру деп бағалады.
Нәтижесінде авторларға даулы жарияланымдарды өшіріп, теріске шығару жариялау міндеттелді. Екі жауапкердің әрқайсысынан 300 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысы өндірілді. Олар бұған қоса сот шығындарын да төлеуге тиіс болды.
«Жеке пікір» дәлелсіз айыптауға қорған бола алмайды
Жоғарғы соттың ұстанымынша, сөзді «жеке пікір» деп атау жауапкершіліктен автоматты түрде босатпайды. Егер жазбада нақты адамның белгілі бір әрекет жасағаны туралы тұжырым айтылса, оның шынайылығын автор дәлелдеуі қажет. Дәлелсіз ауыр айыптау пікір білдіру шегінен шығып кетуі мүмкін.
Екінші дау Астана тұрғынының фотосуретіне қатысты туындаған. Әйел тұрғындар жиналысынан кейін өз бейнесінің екі WhatsApp тобында жарияланғанын анықтаған. Аталған чаттарға жалпы саны шамамен 1,5 мың адам кірген.
Сот мессенджердегі хаттардың скриншоттарын электронды дәлел ретінде қабылдады. Көп адам отырған чатқа фотосуретті иесінің келісімінсіз орналастыру оның құқығын бұзу деп танылды. Екі көршінің әрқайсысынан әйелдің пайдасына 20 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Үшінші жауапкерге қойылған талап қанағаттандырылған жоқ. Оның суретті жариялауға немесе таратуға қатысы жеткілікті дәлелденбеген. Жамбыл облыстық соты төменгі сатыдағы соттың осы шешімін күшінде қалдырды.
WhatsApp-тағы хабарлама өшпесе де жауапкершілік қалады
Сот жауапкерлерді чаттағы хабарламаны өшіруге міндеттемеген. Біраз уақыт өткеннен кейін жазбаны барлық қатысушының құрылғысынан техникалық тұрғыда жою мүмкін болмаған. Алайда хабарламаны толық өшіре алмау құқық бұзушылықтың болғанын жоққа шығармайды.
Сот тәжірибесі скриншоттардың жай ғана телефондағы сурет болып қалмайтынын көрсетті. Хат алмасу көшірмесі, экран бейнесі және әлеуметтік желідегі жарияланым істің мән-жайын анықтауға көмектесетін электронды дәлел ретінде қарастырылуы мүмкін. Сондықтан жазбаны кейін өшіру оның ізі толық жоғалады дегенді білдірмейді.
Бөтен адамның фотосын Instagram, сторис немесе топтық чатта жариялау құқықтық салдарға әкелуі ықтимал. Мұндай істерде фотосуреттің қандай жағдайда түсірілгені, оны таратуға келісімнің болғаны және жарияланымның қанша адамға жеткені ескеріледі. Әсіресе сурет қорлайтын немесе беделге нұқсан келтіретін мәтінмен бірге берілсе, жауапкершілік ауырлай түседі.
Жоғарғы сот келтірген екі оқиға әлеуметтік желінің жауапкершіліктен тыс кеңістік саналмайтынын аңғартты. Біреуді айыптамас бұрын деректі тексеріп, бөтен адамның бейнесін таратпас бұрын оның келісімін алған дұрыс. Себебі бір сәтте жазылған пост немесе чатқа салынған сурет ертең соттағы негізгі дәлелге айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







