Маңғыстау облысындағы «Кендірлі» курорттық аймағында салынып жатқан әуежай құрылысының орындалу деңгейі 49 пайызға жетті. Жаңа нысан өңірдің көлік қолжетімділігін арттырып, ішкі және халықаралық әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай құрылыс алаңына барып, жұмыстың қарқынымен танысты. Қазір ұшу-қону жолағы, перрон, рульдеу жолы, периметрлік қоршау және кірме жол салынып жатыр. Жобаны 2027 жылы аяқтап, әуежайды пайдалануға беру жоспарланған.
Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2200 метр, ені 35 метр болады. Әуежай Bombardier Q400, ATR-72, CRJ-200 және техникалық көрсеткіштері ұқсас әуе кемелерін қабылдай алады. Жолаушылар терминалы сағатына 150 адамға қызмет көрсетуге есептелген.
Құрылыс алаңында жолаушылар терминалымен қатар материалдық-техникалық қойма мен авиациялық қауіпсіздік қызметінің ғимараты бой көтеруде. Байланыс, газ, су және электр желілерін тарту жұмысы да жүргізіліп жатыр. Әуе қозғалысын басқару пункті, аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтарға арналған нысандар да жобаға енгізілген.
Кендірліден тоғыз қалаға ұшақ қатынауы мүмкін
Әуежай іске қосылғаннан кейін Кендірліні Қазақстанның алты қаласымен байланыстыру көзделіп отыр. Жоспарланған ішкі бағыттар қатарында Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана, Қызылорда және Алматы бар. Халықаралық рейстерді Нөкіс, Баку және Астрахань қалаларына ашу мүмкіндігі қарастырылуда.
Жаңа бағыттар курорттық аймаққа жету уақытын қысқартып, туристер ағынын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Қазір Кендірлінің толыққанды туристік орталыққа айналуына шалғай орналасуы мен көлік қатынасының шектеулілігі кедергі келтіреді. Әуе байланысы осы мәселені шешіп, қонақүй, қоғамдық тамақтану және сервистік қызметтердің дамуына жол ашады.

Нұрдәулет Қилыбай жобаның Мемлекет басшысы айқындаған көлік және туристік инфрақұрылымды дамыту міндеттерімен сабақтас екенін атап өтті. Оның айтуынша, әуежай құрылысы белгіленген мерзімде аяқталып, барлық жұмыс сапалы орындалуға тиіс. Әкім жауапты органдар мен мердігерлерге құрылыс барысын тұрақты бақылап, туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.
«Кендірлі» әуежайы жолаушы тасымалдаумен қатар Маңғыстаудың инвестициялық тартымдылығына да әсер етеді. Тұрақты әуе қатынасы бизнес өкілдерінің өңірге келуін жеңілдетіп, жағалауда жаңа туристік жобалардың пайда болуына жағдай жасайды. Осылайша әуежай Кендірліні маусымдық демалыс орнынан халықаралық деңгейдегі курортқа айналдыруға қызмет етпек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







