Маңғыстау облысында жалпы құны 7,1 трлн теңге болатын 59 ірі инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Өңір билігі мұнайға тәуелді экономиканы өндірістік, логистикалық және сервистік бағыттар арқылы әртараптандыруды көздеп отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
17 тамызда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен мәслихаттың кезекті XXIX сессиясы өтті. Жиынға әкім орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, мемлекеттік орган басшылары мен депутаттар қатысты. Күн тәртібінде бірінші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық қорытындысы, бюджетке өзгеріс енгізу және ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.
2026 жылдың алғашқы алты айында өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 138,9 пайызға жетті. Құрылыс жұмысының көлемі 111,8 пайызды, көлік және логистика саласындағы көрсеткіш 108,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп, инвестиция, ауыл шаруашылығы, сауда және тұрғын үй құрылысында да оң динамика сақталған.
Нұрдәулет Қилыбай қол жеткізілген көрсеткіштерді сақтаумен шектелмей, өңір экономикасының жаңа негізін қалыптастыру қажеттігін айтты. Маңғыстауды заманауи өндірістік, логистикалық және сервистік хабқа айналдыру негізгі мақсат ретінде белгіленді. Әкімнің сөзінше, атқарылған жұмыстың басты өлшемі халық сезінетін нақты нәтиже болуы керек.
Өңірде 2030 жылға дейін 9400 орындық жеті мектеп салу жоспарланған. Ақтауда 350 төсек-орындық облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жобасы әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін медициналық ұйымдарға 30 жоғары технологиялық жабдық сатып алу көзделген.
Ақтаудағы су өндіру қуаты тәулігіне 83 мың текше метрге жеткізілді. Жаңаөзендегі тапшылықты азайту үшін «Кендірлі» су тұщыту зауыты іске қосылып, Ақтаудың су, кәріз және жылу желілерін жаңарту жалғасуда. Инженерлік инфрақұрылымның тұрақтылығы өңірдің одан әрі өсуіне қажетті негізгі шарт саналады.
«Бейнеу-Сексеуіл» автожолының құрылысы басталып, Қарақия ауданында жаңа теңіз портын салу жобасы жүзеге асырылуда. Ақтау әуежайы базасында мультимодальды авиациялық-логистикалық хаб құру және Кендірлі әуежайын салу жұмысы жалғасып жатыр. Аталған нысандар туризмді, бизнесті және халықаралық жүк тасымалын дамытуға мүмкіндік береді.
Сессияда апатты үйлер, жұмыспен қамту, үш ауысымды мектептер және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелері де көтерілді. Депутаттар жылу инфрақұрылымын жаңарту барысына назар аударды. Жиын қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







