Astana.kz платформасын бүгінде елорданың 10 мыңнан астам тұрғыны, кәсіпкерлер мен инвесторлар пайдаланады. Бірыңғай портал қалалық және коммуналдық қызметтерді онлайн алып, өтінімнің қаралу барысын бақылауға мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Платформа Астананың бірыңғай цифрлық кеңістігі ретінде кезең-кезеңімен дамып келеді. Мұнда әкімдік бөлімшелерінің, коммуналдық кәсіпорындар мен ведомстволық ұйымдардың қызметтері біріктірілуде. Негізгі мақсат тұрғындардың күнделікті мәселелерін бір цифрлық терезе арқылы шешу болып отыр.
Astana.kz порталында коммуналдық салаға қатысты 100-ден астам қызмет бар. Пайдаланушылар электр, жылу, су және кәріз жүйесіне қосылуға өтінім бере алады. Шарт жасасу, құжаттарды қайта рәсімдеу және инженерлік желілерге қатысты қызметтер де онлайн көрсетіледі.
Өтінім беру кезінде қажетті құжаттар электронды форматта тіркеледі. Азамат оның қаралу кезеңдерін жеке кабинет арқылы бақылай алады. Соның арқасында бірнеше ұйымға барып, бір анықтаманы қайта-қайта тапсыру қажеттілігі азаяды.
Платформада қалалық орта мен урбанистика бағытындағы қызметтер де ұсынылған. Қажетті сызбалар мен материалдарды электронды түрде жолдап, қарау нәтижесін порталдан алуға болады. Цифрлық рәсім уақытты үнемдеп, қызмет көрсетудің ашықтығын арттырады.
Бизнес пен инвесторға арналған жаңа мүмкіндік
Кәсіпкерлер маңдайшалар мен сыртқы жарнама нысандарының эскиздерін Astana.kz арқылы келісуге өтінім береді. Онлайн формат құжат қабылдау рәсімін жеңілдетіп, өтінімнің қай кезеңде тұрғанын көруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл әкімшілік кедергіні азайтып, бизнестің уақыт шығынын қысқартады.
Порталға кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторларға арналған Astana Invest сервистері енгізілген. Олар инвестициялық бастаманы сүйемелдеу және арнайы экономикалық аймаққа қатысу бойынша өтінім беруге мүмкіндік алады. Осылайша жоба ұсынудан бастап тиісті құрылымдармен байланыс орнатуға дейінгі жұмыс бір кеңістікте жүргізіледі.
Astana.kz «бір терезе» қағидаты бойынша дамытылып жатыр. Қолжетімді қызметтердің тізімі кеңейтіліп, пайдаланушыларға арналған жаңа цифрлық құралдар қосылады. Алдағы уақытта негізгі қалалық сервистер мен ақпараттық ресурстарды толықтай бір платформаға шоғырландыру жоспарланған.
Платформаның операторы «Астана Innovations» акционерлік қоғамы саналады. Astana.kz тұрғындарға, бизнес өкілдеріне, инвесторлар мен қалалық ұйымдарға ортақ цифрлық байланыс арнасын қалыптастырады. Қызметтер мен мүмкіндіктер туралы толық мәлімет порталдың ресми сайтында жарияланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







