Беларусь президенті Александр Лукашенко Минскіге ресми сапармен барған Қазақстан Үкіметінің басшысы Олжас Бектеновпен кездесу барысында қазақ пен белорус халықтарының тамыры терең туыстығы туралы айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Келіссөздер барысында саяси диалог пен экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды. Беларусь басшысы екі ел арасындағы достық байланыстардың сонау өткен ғасырлардағы ортақ тарихтан бастау алатынына тоқталып, Қазақстанның өздері үшін сенімді әрі стратегиялық серіктес екенін жеткізді.
«Сіздер бөтен елге келген жоқсыздар»
Александр Лукашенко қазақстандық жауынгерлердің соғыс жылдарында белорус жерін азат етуде көрсеткен өшпес ерлігіне ерекше тоқталды. Ол қос халықтың бауырластығы майдандағы ортақ күреспен шыңдалғанын атап өтті.
«Сіздер бөтен елге келген жоқсыздар. Белорустар – сіздерге жақын жандар, халықтық тілмен айтқанда, біздің қанымыз бір, бір-бірімізбен тығыз байланысқанбыз. Өйткені көптеген қазақстандық соғыс жылдарында Беларусті қорғап, осында ерлік көрсетті. Біз мұны жоғары бағалаймыз, ешкімді ұмытқан жоқпыз. Біздің қарым-қатынасымыз өткен ғасырларға, тіпті одан да әріге кетеді», – деді Александр Лукашенко.
«Жабық тақырып жоқ»
Беларусь басшысы екі мемлекет арасындағы байланыстың қазіргі қарқынына да оң баға берді. Оның пікірінше, Президент Тоқаевтың тұсында Астана мен Минск арасындағы қатынастар одан әрі нығайып, жаңа деңгейге көтерілген. Лукашенко машина жасау, агроөнеркәсіп кешені және жоғары технологиялар бағытында әріптестікті кеңейтуге ешқандай кедергі жоқтығын, екіжақты өндірістік байланыстарды күшейту маңызды екенін білдірді.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов Президент Тоқаевтың ізгі сәлемін жеткізді. Премьер-министр Беларусьті Қазақстанның уақыт сынынан өткен сенімді одақтасы әрі маңызды экономикалық серіктесі ретінде атап көрсетті.
Сауда айналымы 20 пайызға өсті
Ресми сапар аясында Қазақстан делегациясы «ИННОПРОМ. Беларусь» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысып, екі елдің үкімет басшылары деңгейінде де келіссөздер жүргізді. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 20 пайызға артып, 723 миллион долларға жеткен.
Тараптар алдағы уақытта бірлескен кәсіпорындар санын көбейтіп, сауда-саттық көлемін миллиард долларлық межеге жеткізуге ниетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







