Астанада қызмет барысында тұрғын үй кешені қасбетінің опырылуынан қаза тапқан 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс прокурорға қайтарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында үкім шығаруға аз қалғанда процесс күтпеген бағытқа бұрылды. Айыпталушы орындығында отырған мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова соңғы сөзін айтуға дайындалып жатқан сәтте сот тергеуі қайта жанданды. Оған тұрғын үйді салған құрылыс компаниясына қатысты тергеудің қайта қозғалуы түрткі болды.
Үй құрылысшылары да жауапқа тартылмақ
Осыған дейін тергеу органдары ғимаратты салған құрылыс мекемесі мен оны пайдалануға қабылдап алған жауапты тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтатып, сот залында тек пәтер иелерінің өкілін ғана қалдырған болатын. Алайда тергеу соты жәбірленуші тараптың шағымын қанағаттандырып, құрылысшыларға қатысты өндірісті тоқтату туралы қаулының күшін жойды.
Марқұмның анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков екі істі бір өндіріске біріктіріп, ғимаратты тұрғызу кезінде заң бұзғандардың барлығын жауапқа тарту үшін материалдарды прокуратураға жолдауды сұрады. Аталған өтінішхатты айыпталушы тараптың қорғаушылары да толық құптады.
Судьяның негіздемесі мен сараптама қорытындысы
Істі қараған судья Меруерт Абаева өтінішхатты қанағаттандырып, құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысын алға тартты. Мамандардың тексеруі ғимарат қасбетінің құлауына тек күтіп-ұстаудың кемшілігі емес, құрылыс технологиясының өрескел бұзылуы мен конструкциялық ақаулардың тікелей әсер еткенін анықтаған.
«Қазіргі істі тек пәтер иелері бірлестігінің төрайымы Жұбаниязованың әрекетіне ғана баға беру арқылы қарауға болмайды. Қолда бар құрылыс-техникалық сараптама қорытындысында нысанның опырылуына бірнеше себеп, соның ішінде конструкциялық кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылуы көрсетілген. Сондықтан апатқа себеп болған жағдайға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға берілуі керек. Мұндай қаулымен Жұбаниязованың немесе басқа да тұлғалардың кінәлі екендігі туралы мәселе шешілген жоқ. Іс өндірістерді біріктіру және оқиғаның барлық мән-жайын толық тергеу үшін прокурорға жолданды», – деп түсіндірді судья Меруерт Абаева.
Қызмет үстіндегі қайғылы оқиға
Сотталушы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. Енді қадағалаушы орган екі істі біріктіріп, құрылыс компаниясының, қабылдау комиссиясы мен үйді басқарушылардың жауапкершілігін кешенді түрде тексереді.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде орын алған еді. Ғимарат қасбетінің сыртқы кірпіш қаптамасы мен ауа баптағыш қондырғысы опырылып құлап, көмекке жеткен 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алды. Дәрігерлердің күресіне қарамастан, бойжеткен он күннен кейін ауруханада көз жұмды. Президент Тоқаев оны қызметтік борышын адал атқарғаны үшін қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







