Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесі президиумының мүшесі, доктор PhD Асия Ермұхамбетова бала күтіміне берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды тек мұқтаждық критерийімен шектеу қалалық ортадағы демографияға ауыр соққы болып тиетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғалымның айтуынша, елімізде бала туу мен оны күтуге арналған төлемдерді Отбасының цифрлық картасы арқылы тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана беру бастамасы жан-жақты сараптауды қажет етеді. Бюджет қаржысын үнемдеуге бағытталған қадам ұзақ мерзімді кезеңде білімді, табысты әйелдердің көпбалалы болу жоспарынан бас тартуына алып келуі мүмкін.
Қазақстан мен Израильге тән сирек феномен
Зерттеуші әлемдік тәжірибеде қала халқы көбейіп, әйелдердің білім деңгейі мен жұмыспен қамтылуы артқан сайын туу көрсеткіші құлдырайтынын алға тартады. Осы уақытқа дейін Қазақстан осы жаһандық заңдылықтан тыс тұрған санаулы мемлекеттердің бірі ретінде бағаланып келген еді.
Елімізде қыз-келіншектердің сауаттылығы 99,8 пайызды құраса да, бір анаға келетін бала туу көрсеткіші 3,0 деңгейінде сақталып отырды. Сарапшының пайымдауынша, әлемде дәл осындай тепе-теңдік тек Қазақстан мен Израильде ғана байқалған, ал мемлекет ұсынған кепілді декреттік төлемдер жүйесі осы феноменнің басты тірегі болған.
Қалалық аналардың қаржылық қорғанысы
Ғалым әлеуметтік төлемдерді қоғамдағы әртүрлі топтар түрліше қабылдайтынына назар аударды. Ауыл тұрғындары үшін жәрдемақы тікелей қосымша кіріс көзі саналса, қаладағы қызметтегі әйелдер үшін ана болу кезінде экономикалық тәуелсіздікті жоғалтпаудың кепілі болып табылады.
«Жоғары білімді қалалық әйелдер үшін қолданыстағы жүйе мансаптық және қаржылық тәуекелдерді төмендететін құрал ретінде жұмыс істейді. Жәрдемақы оларға өмір сүру сапасын күрт төмендетпей және бала туғаннан кейін экономикалық дербестіктен айырылу қорқынышынсыз декретке шығуға мүмкіндік береді. Мұның салдары басқа елдердегідей қалалық отбасылардың үлкен отбасын жоспарлаудан бас тартуына алып келмей ме? Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда өмір сүру құны бірнеше есе жоғары, ал мегаполисте бала өсіру базалық жәрдемақылар жаба алмайтын орасан қаржылық жүктеме тудырады», – деп жазды Асия Ермұхамбетова әлеуметтік желідегі жазбасында.
«Бай» орта таптан үнемдеу кімге тиімді?
Зерттеуші ресми статистика бойынша отбасы мұқтаждар санатына кірмесе де, олардың табысының басым бөлігі ипотекаға, пәтерақыға, балабақша мен түрлі несиелерге жұмсалатынын еске салды. Осындай отбасылар мемлекеттік қолдаудан қағылса, аналардың жұмысқа ерте шығуына немесе екінші, үшінші сәбиді дүниеге әкелуді кейінге шегеруіне тура келеді.
«Мемлекет «бай» қалалық орта таптың жәрдемақысын қысқартып, бюджет ақшасын үнемдеуге ұмтылғанда, оның салдары ұзақ мерзімді дағдарысқа ұрындырмай ма? Мұның аяғы дәл сол білікті мамандарды, ғалымдарды, IT мамандары мен кәсіпкерлерді дүниеге әкеліп, тәрбиелейтін ортада бала туу көрсеткішінің күрт құлдырауына әкеліп соқпай ма?», – деп түйіндеді ғалым.
Еске салсақ, елімізде әлеуметтік қолдау шараларын мұқтаждық қағидатына қарай саралап, Цифрлық карта деректері бойынша қамтамасыз етілген санаттарға төлемдерді шектеу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







