Азия ойындарындағы жеңісі дау тудырып, алтын жүлдесінен айырылған қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Спорттық жүрістен 42 шақырымдық марафон қашықтығын бірінші болып бағындырғанымен, нәтижесі жойылған 21 жастағы отандасымыз үшін жарыс тек жүлде алумен шектелмейтінін жеткізді. Ол өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтып, басты мақсаты ел абыройын асқақтату болғанын атап өтті.
Дауға ұласқан марафон мәресі
Жапонияда өткен Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева 42 шақырымнан астам қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәре сызығын қарсыластарынан дара озып бірінші кескен еді. Алайда мәреден кейін қарсыластарының наразылығынан соң халықаралық ұйым тексеру жүргізіп, спортшының кроссовкасы техникалық талаптарға сай келмейді деген шешімге келді.
Спортшы бұған дейін дәл осы үлгідегі аяқ киіммен жарыстарға қатысып жүргенін және сөре алдында тексерушілердің ешқандай ескерту жасамағанын алға тартты. Нәтижесінде алтын медаль қытайлық спортшыға беріліп, Қазақстанның қоржынына түсуі тиіс бағалы жүлде ресми есептен алынып тасталды.
Спортшының әсерлі үндеуі
Елге оралған соң спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында эмоционалды жазба жариялап, басты мақсаты мемлекеттің туын желбірету болғанын ашына баяндады.
«Маған жай ғана медаль керек болды деп ойлайсыздар ма?! Барлық ақшаны жүлдеге және Қазақстанның әнұранын шырқау мүмкіндігіне айырбастар едім. Мен тарих жасағым келді, жеңісті Қазақстанға сыйлағым келді», – деп жазды жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева.
Алматы әуежайына қонған сәтте де Ясмина Тоқсанбаева шешім шыққан кездегі жан күйзелісін жасырмады. Мәреден кейін қатты сіңірі тартылып, медициналық шатырда жатқан кезінде нәтиженің жойылғаны туралы хабарды естіген.
«Аяғым тартылып, қатты ауырсынып жатқанда бәрі менен теріс айналады, сынайды деген қорқынышты ойлар болды. Алайда күллі Қазақстан, тіпті Мексика мен Қытайдан жанкүйерлер жазып, үлкен қолдау танытты. Осы демеу маған қанат бітірді», – деді спортшы.
Федерацияның шешімі мен алдағы жоспар
Жеңіл атлетика федерациясы нәтиженің жойылуына қарамастан, Ясмина Тоқсанбаеваға Азиаданың алтын медалі үшін берілетін сыйақы толық көлемде төленетінін мәлімдеді. Сонымен қатар отандық спорт ұйымы халықаралық федерацияның қабылдаған шешіміне қатысты ресми шағым түсірді.
Спортшының өзі биылғы маусымды аяқтағанын, ал келесі жылы әлем чемпионатында жүлде алу үшін жаттығуды жалғастыратынын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







