Батыс Қазақстан облысында өмірінде мектепке бармаған және қоқыстан тамақ іздеп күнелткен 10 жасар баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сот қауіпті тұрмыстық ортада өскен жеткіншектің мүддесін қорғау үшін тиісті үкім шығарды. Іс материалдарына сәйкес, бала туған сәтінен бастап ішімдікке салынған анасының қасында қаңырап қалған үйде өмір сүріп келген.
Қоқыс арасында өткен он жыл
Тексеру барысында әйелдің қараусыз қалған баспананы бөгде адамдар үнемі бас қосатын орынға айналдырғаны анықталды. Жеткіншек осы жасқа дейін оқу мен жазуды үйренбеген, мектеп табалдырығын бірде-бір рет аттамаған.
Күнделікті ішер асы мен үстіндегі киімін де қоқыс полигонынан іздеп табуға мәжбүр болған. Осы жағдайға байланысты кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия араласып, баланы алдымен қолдау орталығына, кейін отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа тапсырды.
Сот өкілдері әйелдің ұлынан мүлдем хабар алмағанын және сот процесіне де келмегенін нақтылады.
«Анасы баланың тағдырына толық немқұрайлылық танытып, осы уақыт ішінде ұлына бір рет те келмеген. Тіпті шақырту қағазы жіберілгеніне қарамастан, сот отырыстарына қатысудан да жалтарды», – делінген соттың баспасөз хабарламасында.
Психологтың қорытындысы мен сот үкімі
Сот отырысына қатысқан маман жеткіншектің ауыр психологиялық күйзеліске ұшырағанын растады. Баланың анасына деген бауыр басу сезімі мүлде жоғалған, керісінше оны көрсе бойын үрей билейді.
Сот құжаттарында баланың туған анасынан қатты қорқатыны, себебі өзін қайтадан қоқыс арасына алып кетеді деп қауіптенетіні жазылған. Қазіргі тұрып жатқан балалар ауылында оған таза төсек пен толыққанды тамақ берілетіндіктен, жеткіншек сол жерде қалуды қалайтынын жеткізген.
Сот ананың міндеттерін орындаудан ұзақ жылдар бойы қасақана жалтарғанын және өмір салтын өзгертуге еш ниет білдірмегенін ескерді. Нәтижесінде ол ата-ана құқығынан түпкілікті айырылды. Сондай-ақ әйелге баланы асырау үшін алимент төлеу міндеттелді, түскен қаражат баланың жеке депозиттік шотына аударылады. Сот шешімі заңды күшіне енді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







