Қорғаныс министрлігіне қарасты 50 нысанда, оның ішінде 48 әскери бөлімде бюджет қаржысының жұмсалуына қатысты жоспардан тыс аудит жүргізілуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, ведомстводағы тексеру жұмыстарының барысы туралы баяндамасын тыңдады. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі аудитті тыңғылықты жалғастыруға және тексеру жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар нақты міндет жүктеді.
Тексеру бағыттары мен арнайы топ
Ауқымды ревизияны жүзеге асыру үшін мемлекеттік аудит саласының жетекші мамандары мен байланыс және IT саласының сарапшыларынан жеке топ жасақталды. Тексерушілер қарулы күштердің барлық негізгі бағыттары бойынша ахуалға баға беруде.
Аудит шеңберінде әскери бөлімшелерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету сапасы, жеке құрамның дайындығы және жауынгерлік оқу-жаттығулардың өту барысы назарға алынды. Сондай-ақ әскери инфрақұрылымның жай-күйі, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту деңгейі және цифрлық жүйелердің тиімділігі жіті тексеріліп жатыр.
Қорғаныс тапсырысындағы кемшіліктер
Әлихан Смайылов мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша жүргізілген аудиттің аяқталғанын да баяндады. Оның қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма жолдаған.
Қорғаныс саласындағы тексерістер Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін басталған еді. Қайғылы оқиғаға байланысты Президент өкімімен ведомствода арнайы тексеру комиссиясы құрылып, министрлік басшылығында бірнеше лауазымды тұлға қызметінен босатылған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







