Lenovo компаниясының топ-менеджері Ермек Жәкіпжановтың өліміне қатысты іс аяқталғанымен, ҰҚК Алматы облыстық полиция департаментінің лауазымды тұлғаларына қарсы бөлек тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы облысының прокуратурасы полиция қызметкерлерінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталғанын растады. Бұған дейін әлеуметтік желілерде кісі өлтіру ісін қараған тергеушінің қамауға алынғаны және полиция басшылығының күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған болатын.
ҰҚК тергеп жатқан қылмыстық іс
Прокуратура ұсынған мәліметке сәйкес, ішкі істер органдары қызметкерлерінің күдікті әрекеттерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаменті өз өндірісіне алған.
Қадағалаушы орган өкілдері полиция қызметкерлеріне қатысты соталды тергеу жұмыстары жүріп жатқанын ресми жауаппен нақтылады.
«Алматы облысы бойынша ҰҚК департаментінің Соталды тергеп-тексеру басқармасы Алматы облысы Полиция департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр», – делінген прокуратураның Stan.kz-ке берген жауабында.
Алайда ведомство тергеу амалдары нақты қай лауазым иелеріне қатысты екенін, олардың процессуалдық мәртебесін және қандай әрекеттер үшін күдікке ілінгенін ашып айтпады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сай, өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайтыны мәлімделді.
Резонансты кісі өлтіру оқиғасы
Халықаралық IT компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директоры болған 42 жастағы Ермек Жәкіпжанов 2024 жылдың қазан айында Алматыдағы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған еді.
Келесі күні оның денесі Алматы облысы Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылының маңынан зорлық-зомбылық белгілерімен табылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті Қарағанды облысында қолға түсіп, кейін тапсырыспен кісі өлтіруді ұйымдастырған өзге де фигуранттар шет мемлекеттерде құрықталды. Бүгінде марқұмның қазасына қатысты негізгі қылмыстық істі тергеу толық аяқталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







