Астанада өткен Іскерлік кеңес отырысында отандық кәсіпкерлердің шағын санаттан орта бизнес деңгейіне өту кезінде тап болатын кедергілері мен салықтық қысым мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиында орта кәсіпкерліктің ел экономикасындағы үлесін 7 пайыздан 20 пайызға дейін жеткізу жолдары, өндірістік ынтымақтастық пен мемлекеттік қолдау шаралары сөз болды. Басқосуға қатысқан мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кәсіпті кеңейтуге қолбайлау болып отырған негізгі түйткілдерге назар аударды.
Отырыста сөз алған сарапшы Айжан Балакешова кәсіпкерлердің ісін кеңейтіп, орта санатқа өтуге дайын екенін, алайда заңнамалық талаптар мен күшейтілген бақылау олардың аяғына тұсау салып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, компания деңгейін көтерген сәтте қолдаудың орнына қатаң талаптар мен қомақты айыппұлдарға тап болады.
Айыппұлдар мен жауапкершіліктің күрт өсуі
Кәсіп иесі шағын санаттан орта деңгейге өткен кезде әкімшілік жауапкершілік көлемі еселеп артады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша қосылған құн салығының шегінен асып кетуге қатысты айыппұл шағын кәсіпорындарға 15 пайыз көлемінде белгіленсе, орта бизнеске 30 пайыз, ірі құрылымдарға 45 пайызды құрайды.
Ал салықтық тексеру қорытындысы бойынша қолданылатын айыппұл көлемі шағын бизнеске 15 пайыз болса, орта бизнес үшін бірден 45 пайызға, ірі кәсіпорындарға 80 пайызға дейін барады.
Мемлекеттік бақылау тетіктерінің, оның ішінде мораторийге ілікпеген кедендік тексерулердің басым бөлігі орта және ірі секторды нысанаға алады. Салдарынан көптеген кәсіпорын өндірісін кеңейтіп, заңды түрде өсуден тайсақтайды.
Кәсіпті бөлшектеу және салықтық шектеулер
Қазіргі салық саясатында В2В бағытындағы шегерімдерге қойылған тыйымдар мен шектеулер көлеңкелі схемалардың өршуіне, компанияларды жасанды түрде ұсақтауға алып келеді. Шағын кәсіпкерлікке берілген жеңілдіктер мен тексеруден қорғайтын нормалар орта санатқа таралмағандықтан, кәсіп иелері шағын статус аясында қалып қойғанды қауіпсіз санайды.
Қызмет көрсету саласындағы компаниялар өзіндік құнның өзгешелігіне байланысты есептелетін салық мөлшерлемесінің барлық 16 пайызын толық төлеуге мәжбүр болады. Ал ірі кәсіпорындар есепке жатқызу тетігі арқылы әлдеқайда төмен мөлшерлемемен шығады, бұл нарықта теңсіздік тудырады.
Айжан Балакешова көлеңкелі айналымды азайту мақсатында заңды тұлғалармен жұмыс істегенде 10 пайыздық мөлшерлеме бойынша B2B шегерімдерін қолдануға рұқсат беруді және оңайлатылған режимнің шекті айналымын екі есеге дейін қысқартып, теңгерім жасауды ұсынды.
Кезең-кезеңімен бейімделу тетігі
Кәсіпкерлікті өсіру үшін жазалау шараларын дереу іске қоспай, бейімделу кезеңін енгізу маңызды. Орта санатқа енді өткен ұжымдарды бақылауға алған кезде бірден қатаң айыппұл салмай, алғашқы құқық бұзушылық кезінде ескерту жасау тәжірибесі қарастырылуы керек.
Сарапшы мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынас тек бақылау мен санкцияға негізделмеуі қажет екенін ескертті.
«Бизнесті өсуге үгіттеудің қажеті жоқ. Оларға жай ғана кедергі келтірмей, даму үшін белгілі бір басымдықтар мен жеңілдіктер беру керек. Бізде елін сүйетін, осында қалып жұмыс істеуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын адал салық төлеушілер өте көп», – деп түйіндеді сөзін Айжан Балакешова.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







