Астана мектептеріндегі оқушы орындарының тапшылығы 20 мыңнан асып, бірқатар білім ошағында бала саны жобалық қуаттан екі есеге көбейіп кеткені ресми расталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елордалық білім басқармасының мәліметінше, қаладағы 24 мектепте орын жетіспеушілігі өткір сезілуде. Қаланың қарқынды өсуі мен урбанизация мәселелері талқыланған жиындар мен сәулет алаңдарында да әлеуметтік инфрақұрылымның тұрғын үй құрылысынан қалыс қалып жатқаны сөз болды.
Жобалық қуаттан екі есе артық жүктеме
Ресми деректерге сай, биылғы оқу жылында елордада 209 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп жатыр. Онда 333 мыңнан астам бала білім алуда, олардың 282 мыңнан астамы мемлекеттік мектептерге барады.
Әсіресе қарқынды дамып келе жатқан аудандардағы №84 және №85 мектеп-лицейлеріне түсетін салмақ өте жоғары. Екі білім ошағы да небәрі 1 200 орынға шақталған. Алайда №84 мектепте 2 938 бала, ал №85 мектепте 3 187 оқушы екі ауысыммен оқып жатыр.
«Аталған мектептерде бір сыныпта орта есеппен 30 және 32 баладан оқиды. №84 мектептің бастауыш және жоғары буынындағы бірқатар сыныпта бала саны 35-тен асса, №85 мектептегі жекелеген сыныптарда оқушы саны 37-ге дейін жеткен», – делінген білім басқармасының түсіндірмесінде.
Урбанизация және құрылыстағы олқылықтар
Елордадағы халық санының 1,7 миллионнан асуы қала құрылысын жоспарлауға ауыр салмақ түсіруде. Қалалық сәулет және урбанистика талқылауларында сарапшылар көпқабатты тұрғын үй кешендерін салғанда мектеп пен балабақша құрылысының қатар жүрмейтінін негізгі кемшілік ретінде атап өтті.
Салдарынан сынып бөлмелері ғана емес, оқушыларға сабақ беретін мұғалімдер де тапшы болып отыр. Басқарма қазіргі жүктемеге қарамастан оқу процесі тиісті деңгейде ұйымдастырылғанын, мектептер қажетті құралдармен және жиһазбен қамтылғанын алға тартты.
Тапшылықты жою үшін алдағы уақытта «Пригородный», «Алау», «Аркада» тұрғын алаптарында, сондай-ақ Тұран даңғылы, Бұқар жырау және Қасым Қайсенов көшелерінің маңында мыңдаған орындық жаңа мектептер салу көзделген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







