Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы – вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Хатшылықтың XXIV отырысы өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Халықаралық жиынға әлемнің 20 елінен діни конфессия жетекшілері, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдардың 30-дан астам өкілі қатысты. Басқосуда конфессияаралық келісім, бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайту тетіктері жан-жақты талқыланды. Ерлан Қарин өз сөзінде адам құқықтарын құрметтеу мен қоғамдық келісім Қазақстанның мызғымас қағидаттары екенін, мемлекет басшысы жүргізіп отырған сыртқы саясат әрдайым бейбіт бастамаларға сүйенетінін атап өтті.

Практикалық әріптестік пен рухани дипломатияның рөлі
Жиын барысында съездің жай ғана келіссөз алаңы емес, нақты нәтижеге бағытталған жаһандық платформаға айналғаны айтылды. Қазіргі геосаяси ахуал, қарулы қақтығыстар, климаттық өзгерістер мен гуманитарлық дағдарыстар кезінде рухани лидерлердің араласуы сенімді қалпына келтірудің негізгі кілтіне айналып отыр.
«Осыған дейін қалыптасқан құндылықтар іргетасы Съездің практикалық мазмұнын кеңейтуге мүмкіндік береді. Яғни құжаттарды бірлесіп әзірлеуге, әріптестікті нығайтуға және нақты жобаларды іске асыруға жол ашады», – деді Ерлан Қарин.
Отырыста Қазақстан бастамасымен қолға алынған Жаһандық бейбітшілік қозғалысын құру мәселесі сөз болды. Сондай-ақ Астана бейбітшілік декларациясын дамыту аясында құрылған рухани білім беру бойынша халықаралық онлайн-платформаның іске қосылғаны жарияланды. Цифрлық жүйеде дінаралық мәдениет пен ағартушылық бағыттағы сараптамалық зерттеулер толық қамтылған.
Экология, технология және балалар құқығы
Отырыс қорытындысында Астана бейбітшілік декларациясының қағидаттарын дамытуға бағытталған екі маңызды құжат бекітілді. Олар – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі». Экологиялық құжат еліміздегі «Таза Қазақстан» бағдарламасымен үндесіп, дін өкілдерін табиғатты қорғауға үндесе, этикалық кодекс жаңа технологияларды ізгі мақсатқа бағыттауды көздейді. Бұған қоса күн тәртібіне жазылмайтын ауруға шалдыққан балалардың құқықтары туралы халықаралық хартия ұсынылды.
«Съездің беделі қабылданған шешімдердің халықаралық бастамаларда көрініс тауып, қаншалықты тыңғылықты түрде жүзеге асырылатынына және бейбітшілік пен сенімді нығайтуға қызмет ететініне байланысты болмақ», – деп атап өтті жиын төрағасы.
Жиын шеңберінде бірқатар екіжақты кездесулер өтіп, Мұсылман ақсақалдары кеңесінің өкілдерімен, шет мемлекеттердің дін лидерлерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды. Хатшылық мүшелері 2028 жылы Астанада өтетін кезекті IX съезге дайындық жоспарын да пысықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







