Қазақстанда теміржол желісінің бойында төрт түлікті қараусыз қалдырып, жайылымға жіберген тұрғындарға салынатын айыппұл көлемі екі есеге ұлғаюы мүмкін. «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) жыл басынан бері пойыздардың үй жануарларын қағып кету дерегі 500-ден асып кеткендіктен, заңнамалық жауапкершілікті қатаңдату туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жыл басынан бері 584 оқиға тіркелді
Ұлттық компания мәліметінше, тоғыз ай ішінде шойын жол маңындағы елді мекендерде тұратын 52 мыңнан астам мал иесіне арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Салғырттық танытқан 378 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Түсіндіру шаралары жазатайым оқиғалардың сәл де болса азаюына септігін тигізгенімен, жалпы жағдай әлі де қауіпті деңгейде қалып отыр.
– Профилактикалық шаралар өз нәтижесін беруде. Тоғыз айда пойыздардың малды қағу көрсеткіші 584 оқиғаға дейін азайды, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 648 дерек тіркелген еді. Дегенмен жағдай әлі де күрделі күйінде қалуда, – деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Айыппұл көлемі қалай өзгереді?
Ереже бойынша теміржолға жақын аумақта мал жайғаны үшін ескерту жасау нормасы жойылған. Қазіргі таңда тәртіп бұзғандарға бірден 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады. Егер бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса, төлем 10 АЕК-ке (43 250 теңге) жетеді.
ҚТЖ ұсынған жаңа өзгерістер мал иелерінің жауапкершілігін екі есеге дейін арттыруды көздейді:
Бірінші рет ереже бұзғандарға – 10 АЕК (43 250 теңге);
Бір жыл ішінде қайталап заң бұзғандарға – 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл кесілмек.
Пойыздың шұғыл тежелуі қандай қатер төндіреді?
Рельс үстіне шығып кеткен малмен соқтығысу – жай ғана шаруаның малы шығындалуы емес. Сағатына 100 шақырымнан асатын жылдамдықпен келе жатқан, салмағы мыңдаған тонна тартатын ауыр құрамды лезде тоқтату мүмкін емес. Жолда бөгет пайда болған сәтте машинистер шұғыл тежегішті басуға мәжбүр болады.
Мұндай төтенше әрекеттер локомотив доңғалақтары мен теміржол табанын бүлдіреді, жүздеген жолаушысы бар пойыздардың кестесін бұзады. Ең қауіптісі – шұғыл тежелу кезінде вагондардың рельстен шығып кетуі, жолаушылардың ауыр жарақат алуы немесе қауіпті жүк тиелген цистерналардың аударылу қаупі жоғары.
Осы себепті мамандар ауыл тұрғындарынан теміржол маңында малды қараусыз қалдырмауды, жайылым ережелерін қатаң сақтауды сұрайды. Қатаңдатылған жаңа айыппұл мөлшері шаруаларды төрт түлігіне мұқият қарауға мәжбүрлейтін негізгі тетікке айналуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







