Орталық Азия мемлекеттері халықаралық саясатта ірі алпауыттардың жай ғана бәсеке алаңы болудан арылып, дербес стратегиялық маневр жасай алатын дербес күшке айналуда. Саясаттанушы доктор Толга Сакман «Анадолу» агенттігіне арналған көлемді сараптамасында Орталық Азияның сыртқы саясатындағы геосаяси теңдеуді жіліктеп берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Түркиялық сарапшы ұзақ жылдар бойы өңір тағдыры Мәскеудің әскери-саяси ықпалы, Қытайдың экономикалық күші, АҚШ-тың мерзімді қызығушылығы және Еуропаның энергетикалық қажеттілігі тұрғысынан ғана бағаланып келгенін еске салады.
Алайда қазіргі таңда аймақ мемлекеттері алып державалар арасындағы тартыстан өздеріне кеңістік ашып қана қоймай, өзара ықпалдастықты тереңдету арқылы дербес саяси субъектіге айналып отыр.
– Орталық Азиядағы жаңа сыртқы саяси түсінікті «Ресейден алыстау» немесе «Қытайға жақындау» деген біржақты ұғымдармен түсіндіру қиын. Шынайы өзгеріс – таңдау мүмкіндіктерінің көбеюінде. Өңірдегі түбегейлі трансформация бір осьтен екіншісіне ауысу емес, бір уақытта бірнеше стратегиялық бағытты қатар құру болып отыр. Соның нәтижесінде көпвекторлы саясат жай ғана дипломатиялық тепе-теңдік құралынан нақты өңірлік стратегияға айналды, – деп жазды доктор Толга Сакман.
Ресей мен Қытай: серіктестік пен дербестік теңгерімі
Сакманның пайымдауынша, қауіпсіздік, энергетикалық инфрақұрылым, еңбек миграциясы мен тарихи байланыстар Ресейдің өңірдегі салмағын әлі де сақтап тұр. Әсіресе Қазақстан мен Қырғызстан үшін бұл байланыстарды қысқа мерзімде үзу мүмкін емес.
Дегенмен Украинадағы соғыс басталғалы Мәскеудің ресурстары майданға жұмылып, өңір елдері баламалы сауда жолдарын іздеуге мәжбүр болды. Бұл Ресейге қарсы саясат емес, Мәскеуді жалғыз таңдау ретінде қалдырмауға бағытталған стратегиялық әртараптандыру болып табылады.
Сол сияқты, Қытай да өңірдің басты экономикалық серіктесіне айналды. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы инфрақұрылымдық және энергетикалық жобалар Пекиннің салмағын арттырды. Алайда аймақ елдері қаржылық тәуелділіктің саяси бағыныштылыққа ұласып кетпеуін қатаң бақылауда ұстап отыр.
Осы мақсатта Қытаймен байланысты дамыта отырып, орталықазиялық астаналар Еуропамен, Түркиямен, Парсы шығанағымен, Жапониямен, Оңтүстік Кореямен және АҚШ-пен қарым-қатынасын қатар күшейтуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







