Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін (АСР) қолданудың салықтық қыр-сырын талдаймыз, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бөлшек салық режимі деген не?
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі (АСР) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ретроспективті түрде қайта жаңғыртылды. Бұған дейін мұндай режим 2021-2022 жылдары ковид пандемиясы кезінде ең көп зардап шеккен экономика салаларын қолдау үшін уақытша шара ретінде енгізілген болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауында аталған режимнің сұранысқа ие екенін атап өтіп, оның қызмет түрлерін екі есеге кеңейтуді тапсырды.
Бөлшек салықтың арнаулы режимі түпкі тұтынушысы жеке тұлға болып табылатын сауда және қоғамдық тамақтану саласында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерді дамытуға бағытталған.
Аталған режимді қолданатын кәсіпкерлер ҚҚС бойынша есепке тұрмауға құқылы; әлеуметтік салық төлеушісі болып саналмайды. Әртүрлі елді мекендерде қызмет атқаруға мүмкіндігі бар; кәсіпкерлік қызметтен түскен табысын жұмыскерлердің еңбекақы төлеу қоры сомасына азайта алады.
Бұл режим қызметтің қандай түрлеріне қолданылады?
2024 жылдан бастап бөлшек салықтың АСР қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі 190-нан 364 позицияға дейін кеңейтілді.
Аталған режимге арналған қызмет түрлерін айқындау кезінде түпкі тұтынушысы жеке тұлға саналатын сауда, қоғамдық тамақтану салалары және үлкен табыс табу көзделмейтін басқа да қызмет түрлері қаралды.
Ұсынылған қызмет түрлерінің 43,2%-ы тамақ өнімдерін (балмұздақ, шырындар, нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, кофе және т.б.) және әртүрлі тауарларды өндіруге (үй жануарларына арналған дайын жем, баспа өндірісі, газеттер, фото және кино жабдықтары, бижутерия және ұқсас бұйымдар және т.б.) тиесілі.
Ұсынылған қызмет түрлерінің 10%-ы – жөндеу жұмыстары (электр қозғалтқыштары, генераторлар мен трансформаторлар, электр жарықтандыру жабдықтары, спорттық және серуендеу қайықтары және т.б.).
Қызмет түрлерінің 3,2%-ы – баспа ісі (кітаптар, компьютерлік ойындар, журналдар мен мерзімді басылымдар, газеттер және т.б.).
Бөлшек салықтың АСР қандай шарттармен қолданылады?
Кәсіпорын жұмыскерлерінің саны 200 адамнан аспауы тиіс, ал күнтізбелік жылдағы жалпы кірісі – 600 000 АЕК-ке дейін (2024 жылы бұл – 2,2 млрд теңге).
Сондай-ақ бөлшек салықтың АСР шарттарымен жұмыс істейтін кәсіпорындар тек үкімет айқындаған бір немесе бірнеше қызмет түрін ғана жүзеге асыра алады.
Бөлшек салықтың АСР бизнеске не береді?
Осы режим бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер салықты жеңілдетілген тәртіппен төлейді. Бөлшек салықтың АСР үшін корпоративтік және жеке табыс салығының мөлшерлемелері мынадай:
— Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде салықтық кезеңде алынған барлық кірістер бойынша – 4%. Жергілікті өкілді органдар оны 50%-ға дейін төмендетуге құқылы;
— Мұндай шығыстарға шегерімдер сомасын құжатпен растаған жағдайда (электрондық шот-фактура жазып беру немесе сатып алушының ЖСН/БСН көрсетілген чекті беру арқылы) кірістер бойынша – 8%. Бұл мөлшерлеме төмендетілмейді.
Бұл ретте жергілікті өкілді органдар бөлшек салықтың АСР бойынша мөлшерлеме көлемін төмендету туралы шешімді ағымдағы жылдың 30 наурызынан кешіктірмей қабылдай алады және бұл шешім қабылданған жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бөлшек салықтың АСР қолдану кезінде кіріс жеңілдетілген тәртіп бойынша кірістерді анықтау тәртібіне ұқсас жиынтық түрде анықталады (бұрын кіріс жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінде анықталатын).
Өткізуден (қызмет көрсетуден) түсетін табысқа салық салу бөлшек салықтың АСР қолданатын салық төлеушінің оны бухгалтерлік есепте қалай көрсеткеніне байланысты: оны өткізу кезінде тауар ретінде – кіріске 4% немесе 8% мөлшеріндегі ЖТС/КТС мөлшерлемесі қолданылып салық салынады (сатып алушының шегерімдерге жатқызу үшін шығыстарын растау мақсатында электрондық шот-фактура жазып берілген жағдайда 8%) – 913.00 салық декларациясының нысаны тапсырылады; негізгі құралдар ретінде оны өткізу кезінде – кіріске жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібімен салық салынады – 100.00 (заңды тұлғалар) немесе 220.00 (ЖК) салық декларациясының нысандары ұсынылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







