Қазақстан мен Қытай халықаралық дәліздерде жүргізушісіз жүк көліктерінің қатынасын жолға қоюға бағытталған пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астанада «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» («ҚазжолҒЗИ») мен қытайлық алпауыт China TransInfo Group компаниясы зияткерлік көлік және пилотсыз технологиялар саласында бірлескен құзыреттер орталығын құру туралы келісімге қол қойды. Жаңа құрылым екі елдің мүмкіндіктерін тоғыстырып, цифрлық жол инфрақұрылымын жедел дамытуға серпін бермек.
Озық технологиялар мен нормативтік база
Жаңа орталық қытайлық серіктестердің жасанды интеллект, дербес басқару және көлік аналитикасы бағытындағы шешімдерін отандық ғалымдардың жол сараптамасы, стандарттау мен нормативтік реттеудегі тәжірибесімен байланыстырады.
«ҚазжолҒЗИ» вице-президенті Кенжебек Азатбеков жобаның негізгі мақсатына тоқталды:
«Орталық озық цифрлық және автономды көлік технологияларына ғылыми-техникалық баға беруге, сондай-ақ оларды еліміздің жағдайына бейімдеуге арналған алаңға айналады. Біздің басты мақсатымыз – пилоттық жобаларды іс жүзінде жүзеге асыру және жол саласының нормативтік-техникалық базасын жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау», – деді Кенжебек Азатбеков.
Сынақ полигоны және қозғалыс үстінде өлшеу
Қос мемлекет арасындағы жүргізушісіз фуралар қатынасы алдымен арнайы инфрақұрылымда сыналады. Осы мақсатта дербес басқарылатын машиналарды тестілеуге арналған тәжірибелік сынақ полигоны құрылмақ. Онда технологиялардың жергілікті ауа райы мен жол қауіпсіздігіне сәйкестігі кешенді түрде тексеріледі.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – көліктерді қозғалыс үстінде тоқтаусыз өлшейтін салмақ-габариттік автоматтандырылған бақылау (WIM) жүйелерін енгізу. Мұндай инновация нормадан тыс жүк артқан көліктерді лезде тіркеп, жол жабындысын бұзылудан сақтауға септеседі. Одан бөлек, барлық салалық жүйелерді тоғыстыратын көлік операцияларын басқару орталығы әзірленеді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы дербес жүк дәлізі тауар жеткізу уақытын қысқартып, адами фактордың әсерін барынша азайтуға және Еуразия аумағындағы транзит жылдамдығын арттыруға жол ашады.
Кадрлар даярлау және тәжірибе алмасу
Серіктестік аясында қос елдің мамандары өзара тәжірибе алмасып, біліктілікті арттыру бағдарламалары мен сараптамалық семинарларды бірлесіп өткізеді. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірінші кезекте атқарылатын іс-шаралар тізбесі бекітілді.
China TransInfo Group – зияткерлік жүйелер мен дербес басқару технологияларында әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Жүргізушісіз көліктерді Қазақстан мен Қытай арасындағы нақты халықаралық дәліздерге шығару өңірлік логистиканың тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







