Отбасы банк 2026 жылғы 31 қазаннан бастап алдын ала және аралық тұрғын үй несиелерін беруді ұйымдастырғаны үшін алынатын комиссияның ең жоғарғы шегін қайта қарады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Банктің баспасөз қызметі мәлімдегендей, өзгерістер тек қомақты сомаға қарыз рәсімдейтін клиенттерге ғана әсер етеді. Несиенің базалық комиссиясы бұрынғыдай 1 пайыз деңгейінде қалады.
Жаңа тарифтер қалай белгіленді?
Осы уақытқа дейін несие көлеміне қарамастан, 1 пайыздық комиссияның шекті сомасы 300 мың теңгеден аспайтын. 31 қазаннан бастап қарыз көлеміне байланысты мынадай сатылы шектеулер қолданылады:
– 50 миллион теңгеге дейінгі қарыздар үшін комиссия несие сомасының 1 пайызын құрайды, шекті төлем 300 мың теңгеден аспайды;
– 50 миллионнан 100 миллион теңгеге дейінгі несиелер бойынша шекті комиссия 500 мың теңгеге дейін белгіленді;
– 100 миллион теңгеден асатын қарыздар үшін ең жоғарғы төлем 1 миллион теңгеге дейін көтерілді.
Қаржы ұйымы өкілдері өзгерістің себебін түсіндіріп, клиенттердің басым көпшілігі үшін шарттар өзгеріссіз қалатынын атап өтті.
«Ресми мәліметке сүйенсек, қарыз алушылардың 92 пайызы 50 миллион теңгеге дейінгі сомаға заем алады. Олар үшін комиссия мөлшері өзгермейді. Жаңа талаптар тек ірі несие алатындарға бағытталған және ол 31 қазаннан бастап түсетін жаңа өтінімдерге ғана қолданылады», – деп нақтылады Отбасы банк өкілдері.
Төлем қалай есептеледі?
Түсінікті болу үшін банк нақты мысалдарды ұсынды. Егер салымшы 20 миллион теңге көлемінде несие рәсімдесе, 1 пайыздық комиссия 200 мың теңгені құрайды. Мұндай сома белгіленген шектен аспағандықтан, төлем мөлшері бұрынғысынша сақталады.
Ал егер қарыз сомасы 70 миллион теңгеге жетсе, оның 1 пайызы 700 мың теңге болады. Бұрын азаматтар ең көбі 300 мың теңге төлесе, енді 500 мың теңге төлейді. 150 миллион теңге көлеміндегі ірі несиені рәсімдегендер үшін комиссия шегі 1 миллион теңгеге дейін жетпек.
Қандай бағдарламаларға қатысы жоқ?
Несиені ұйымдастыру қызметі үшін комиссия тек бір рет, қарыз берілген кезде ғана ұсталады. Жаңа тәртіп 31 қазанға дейін қабылданған өтінімдерге және бұған дейін берілген заемдарға жүрмейді.
Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй несиесін алатын азаматтар үшін аталған комиссия мүлдем қарастырылмаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







