Қазақстанда бау-бақша шаруашылығын дамыту, өнімді сақтау мен терең өңдеу инфрақұрылымын кеңейту және ұлттық бағбандықтың мақтанышы саналатын әйгілі «Апорт» алмасын қайта жаңғырту шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алма бақтарының аумағы мен жиналған өнім көлемі
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, республика көлеміндегі алма бақтарының жалпы аумағы 26,2 мың гектарға жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 205,2 мың тонна өнім жиналып, әр гектардан алынған орташа өнімділік 83,9 центнерді құрады.
Жеміс алқаптарының басым бөлігі оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Бүгінде көш басында Түркістан облысы тұр — мұнда бақтар 13,4 мың гектарды алып жатыр. Алматы облысында 6,3 мың гектар, Жетісу өңірінде 3 мың гектар, ал Жамбыл облысында 1,4 мың гектар алма бағы жайқалып тұр.
«Қазір ішкі нарықтағы алмаға деген сұраныстың 74 пайызы отандық өндіріс есебінен өтеледі. Өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту импортқа тәуелділікті төмендетіп, халықты сапалы жергілікті өніммен қамтуға жол ашады», – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бағбандарға мемлекет тарапынан қандай көмек бар?
Отандық жеміс өндірісін ынталандыру мақсатында мемлекет фермерлерге субсидиялау тетіктерін ұсынып отыр. Атап айтқанда, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер алуға кеткен қаржының 60 пайызына дейінгі бөлігі қайтарылады. Сондай-ақ сапалы көшеттерді сатып алуға 50 пайызға дейін, ал суару суына жұмсалған шығынға 85 пайызға дейін субсидия қарастырылған.
Инвестициялық қолдау аясында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу құнының 30 пайызына дейінгі сомасын мемлекет өтейді. Суару жүйелерін тарту мен кеңейту жұмыстарына 80 пайызға дейін, кемінде 5 гектар алқапқа заманауи қарқынды алма бағын отырғызған шаруаларға инвестицияның 40 пайызына дейін көмек беріледі.
Жиналған өнімді ысырапсыз қыстай сақтау да өзекті. Осыған байланысты сыйымдылығы 1 000 тоннадан асатын жеміс қоймаларын салу және жаңғырту шығындарының 40 пайызына дейін мемлекеттік қаржылай өтемақы төленеді.
Атақты «Апорт» қалай жаңғыртылады?
Президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қазақ бағбандығының тарихи бренді — «Апорт» сұрпын қалпына келтіру ісі ғылыми негізде жүріп жатыр. Жауапты міндет Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар филиалына жүктелген.
Ғалымдар өткен жылы арнайы 2 080 сапалы көшет өсіріп, 10 гектар жерге «Апорт» бағын отырғызды. Биыл аналық ағаштарды күтіп-баптау, жас бақтарды агротехникалық талаптарға сай күту және алдағы маусымдарға көшет материалын дайындау жұмыстары атқарылды.
«Ғалымдар Сиверс жабайы алмасының тұқымынан төзімді телітушілер өсіріп, телу әдістерін жетілдіріп жатыр. Мақсат — табиғи қасиеті мен дәмі сақталған таза сортты жаппай көбейту», – деп түсіндірді сала мамандары.
Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде мамандандырылған питомниктердің техникалық базасы күшейтіледі. Алдағы кезеңде апорт өсіруге ниет білдірген шаруашылықтар сапалы әрі ауруға төзімді отырғызу материалымен толық қамтамасыз етілмек.
Терең өңдеу мен алма шырынының көрсеткіші
Бау-бақша шаруашылығының дамуы жемісті терең өңдеу бағытына да серпін берді. Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы елімізде 19,6 миллион литр алма шырыны өндірілген болатын.
Бұл оң қарқын биыл да жалғасын тауып отыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында отандық зауыттар 12,6 миллион литр алма шырынын шығарды. Жалпы алғанда, еліміздегі алма саласы көшет өсіруден бастап, өнімді жинау, ұзақ сақтау және өңделген тауар түрінде сатуға дейінгі тұтас тізбекті қамтиды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







