Қазақстанда ресми статистика саласы ауқымды цифрлық трансформация кезеңіне қадам басты: Ұлттық статистика бюросы кәсіпкерлер мен азаматтардан дәстүрлі есеп жинау жүктемесін мейлінше азайтып, мемлекеттік органдар мен ірі компаниялардың дайын деректер базасына арқа сүйеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының алға қойған жаңа моделі бойынша ақпарат жинау философиясы түбегейлі өзгереді. Бұрыннан келе жатқан «есеп жинау» тәсілінен нақты «деректермен жұмыс істеу» бағытына көшу басталды. Оның негізгі қағидаты – мәліметті бір рет қана жинап, көп мәрте пайдалану.
«Есеп жинаудан – дайын деректерге»: жаңа тәсілдің мәні неде?
Қазіргі таңда мемлекеттік статистиканың едәуір бөлігі кәсіпорындар мен шаруашылықтар тапсыратын арнайы есеп беру пішіндеріне сүйенеді. Бизнес өкілдері көлемді кестелерді қолмен толтырып, статистика мамандары қателерін тексеріп, түзетумен уақыт жоғалтады. Алайда бұл көрсеткіштердің басым бөлігі мемлекеттік цифрлық жүйелерде, банктерде немесе фискалдық операторларда онсыз да сақтаулы тұр.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев ведомствоның осы қағидатты неге өзгерткелі отырғанын түсіндірді.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын статистиканың негізгі қайнар көзі респонденттердің есептері болатын. Бүгінде мемлекеттік базаларда, банктерде, телекоммуникациялық компанияларда, касса жүйелерінде, жерсеріктік және геоақпараттық сервистерде орасан зор деректер қоры бар. Егер мемлекет немесе экономика бұл ақпаратқа онсыз да иелік етіп отырса, азаматтар мен бизнестен оны қайталап талап етудің қандай қажеті бар?» – деді Мақсат Тұрлыбаев.
Сонымен бірге сауалнамалар мен дәстүрлі зерттеулер толығымен жойылып кетпейді. Себебі кассалық чектер мен транзакциялар тұтынушының не сатып алғанын нақты көрсеткенімен, отбасының белгілі бір тауардан неліктен бас тартқанын немесе олардың әлеуметтік көңіл күйін түсіндіре алмайды. Сондықтан іріктемелі сауалнамалар тек ең қажетті тақырыптар бойынша ғана жүргізіледі.
Инфляция мен көші-қон қалай бақыланады?
Жаңа модель аясында инфляцияны есептеу әдісіне фискалдық деректер операторларының мәліметтері енгізілуде. Дүкендердегі нақты төлемдер мен сауда көлемі арқылы ресми инфляцияны қағаз жүзіндегі бағамен емес, тұрғындардың нақты шығынымен салыстыруға мүмкіндік туады. Бұл баға индексінің шынайылығын арттырады.
Тағы бір бағыт – ұялы байланыс операторларының геопозициялық мәліметтерін қолдану. Бұл құрал туризмді, ішкі көші-қонды және халықтың күнделікті қозғалысын анықтауға көмектеседі. Мәселен, қалада тіркелген тұрғындар саны мен күндіз жұмыс бабымен мегаполиске ағылатын азаматтардың нақты саны сәйкес келе бермейді. Мобильді деректер инфрақұрылымға түсетін нақты жүктемені дәл бағамдауға жол ашады.
Жасанды интеллект маманның орнын баса ма?
Реформа шеңберінде жасанды интеллект құралдары да кезең-кезеңімен енгізіледі. Қазір қолданушыларға кеңес беретін чат-боттар іске қосылған болса, алдағы уақытта алгоритмдер статистикалық қалыптан тыс ауытқуларды автоматты түрде белгілеп, жіктеу жұмыстарын жеңілдетеді.
Статистика органдары цифрлық көмекшілерді пайдаланушылардың үш тобына бейімдеуді көздейді: бизнес пен тұрғындарға есепті дұрыс толтыру үшін, мамандарға деректер сапасын қадағалау үшін және мемлекеттік органдарға қажетті шешімдерді жедел қабылдау үшін. Дегенмен ресми есептеулердегі шешуші жауапкершілік тек адамдардың құзырында қалмақ.
ЭЫДҰ бағалауы: Қазақстан нені күшейтуі керек?
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстанның статистикалық жүйесіне үш жыл бойы терең шолу жасап, қорытынды есебін жариялады. Ұйым сарапшылары еліміздің статистикалық регистрлерін, ашықтығы мен халықаралық талаптарға сәйкестігін жоғары бағалады. Қазақстан ТМД көлемінде ЭЫДҰ-ның Тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылған тұңғыш мемлекет атанды.
ЭЫДҰ Статистика және деректер директоры Стив Макфили отандық жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктерін саралады.
«Әлемде мінсіз статистикалық жүйе жоқ. Қазақстанда стандарттар жоғары деңгейде болғанымен, деректер сапасын одан әрі жақсарту және әкімшілік мәліметтерге көшуді кеңейту қажет. Бюро өзге мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатып, бірыңғай талаптардың барлық министрліктерде сақталуын қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті Стив Макфили.
Халықаралық сарапшылар Қазақстанға мемлекеттік қарыз көрсеткіштерін, кәсіпкерлік құрылымы мен демографиясын және экологиялық статистиканы әлі де толықтыра түсуді ұсынды. Сондай-ақ әдістемелік сипаттамаларды ашық жазып, пайдаланушыларға сандардың қайдан шыққанын анық түсіндіру маңыздылығы ескертілді.
2030 жылға дейінгі бағдар
Ұлттық статистика бюросы 2030 жылға қарай негізгі үдерістерді толық автоматтандырып, құрғақ цифрлардан аналитикалық модельдерге көшуді межелеп отыр. Басты мақсат – қағазбастылықты жою арқылы экономиканың шынайы жағдайын жедел әрі дәл көрсететін сапалы деректер экожүйесін қалыптастыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







