Алматы облысының Ұйғыр ауданы жүгері өндірісі мен су үнемдеу технологиясын енгізуде ірі аграрлық орталыққа айналып келеді. Инвестициялық жобалар ауданның егістік көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол бермек, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл ауданның егістік алқабы 27,4 мың гектарға жетті. Көлем бір жылда 3,3 мың гектарға немесе 14,1 пайызға артқан. Дәндік жүгері 9080 гектарға егілді.
«Assem Kaljat» компаниясы 2487 гектар жерді айналымға енгізді. Шамамен 2,5 мың гектарға тамшылатып суару жүйесі орнатылды. Жобаға 1,3 млрд теңге инвестиция салынды.
Кәсіпорын 50 суару ұңғымасын бұрғылап, 303 шақырым магистральдық құбыр тартты. Шаруалар алқапта суару, тұқым таңдау және өнімділікті арттыру тәжірибесімен танысты. Жаңа әдістер шағын қожалықтарға да таратылмақ.
«АА Агро Қонаев» пен «QS Logistics Systems LTD» 4400 гектар жерді игеруді жоспарлап отыр. Мұнда жүгері мен соя өсіретін агроөнеркәсіптік кластер құрылады. Жобаның құны 18,2 млрд теңгені құрайды.
Су үнемдеу технологиясы 2024 жылы 450 гектарды қамтыған. 2028 жылға қарай оның көлемі 19 790 гектарға жеткізілмек. Қосымша жерлерді игеру нәтижесінде жалпы егістік 45 196 гектарға дейін ұлғаяды.
2025-2029 жылдары ауданда құны 87 млрд теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылады. Олар тұқым өндіру, астық сақтау, құс шаруашылығы және аграрлық инфрақұрылымды қамтиды. Жобалар 1200 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға тиіс.
Биыл «Кең Дала» бағдарламасы арқылы 10 шаруашылық 772,9 млн теңге несие алды. Ұйғыр ауданы осы көрсеткішпен облыста үшінші орында тұр. Инвестиция мен технология сабақтасса, жүгері өндірісі аудан экономикасының берік тірегіне айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







