Бейжіңде Қытай коммунистік партиясының Орталық комитеті бесінші пленумын бастады. Төрт күнге созылатын жабық саяси жиында партиялық тәртіпті қатайту және өзін-өзі қадағалау тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қытай мемлекеттік телеарнасы CCTV хабарлағандай, партия элитасы өзін-өзі толық әрі қатаң басқаруды тұрақты түрде ілгерілету жөніндегі стратегиялық шешім жобасын қарап жатыр. Жиынға Орталық комитеттің 300-ге жуық толық құқықты және резервтегі мүшесі қатысуда. Алғашқы күні Қытай төрағасы Си Цзиньпин арнайы баяндама жасап, партияның ішкі саясатын айқындайтын құжат жобасын таныстырды.
Тәртіп пен партиялық бақылау басты назарда
Сарапшылардың пікірінше, бұл жиын экономикалық жоспарлаудан гөрі шенеуніктердің адалдығын тексеруге және кадрлық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Си Цзиньпин 2012 жылы билікке келгеннен бері жемқорлыққа қарсы кең көлемді науқан жүргізіп келеді. Соңғы жылдары тек жемқорлық қана емес, шенеуніктер арасындағы енжарлық, жауапкершіліктен қашу және бюрократия фактілері де қатаң сынға алынуда.
«Бұл пленум билік сатысында көтеріліп келе жатқан жаңа буын шенеуніктердің мемлекет алдындағы тәуекелдер мен мүмкіндіктерді басшылықтың ұстанымымен бірдей бағалауын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Тони Блэр атындағы жаһандық өзгерістер институтының сарапшысы Руби Осман.
2027 жылғы съезд қарсаңындағы қадам
Саясаттанушылар бесінші пленумды 2027 жылы өтетін ҚКП 21-съезінің алдындағы ең маңызды кезең деп санайды. 2027 жылғы съезде Си Цзиньпиннің төрағалық өкілеттігі төртінші мерзімге ұзартылып, басқарушы элита ауқымды кадрлық ротациядан өтеді деп күтілуде. Сондықтан Орталық комитет шеңберіндегі қазіргі талқылаулар басқарушы топтың идеологиялық біртектілігін сақтау мақсатын көздейді.
Пленум барысында қызметінен шеттетілген бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың тағдыры және кадрлық тағайындаулар да шешілуі мүмкін. Ақпараттық құпиялық қатаң сақталатындықтан, талқылау барысы туралы нақты деректер сыртқа шықпайды.
Жабық есік форматындағы дәстүр
Пленум жұмысы бейсенбі күні аяқталады. Жиын аяқталған соң Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» агенттігі ресми коммюнике жариялап, қабылданған негізгі саяси шешімдер мен ұстанымдарды мәлімдейді. Ал егжей-тегжейлі қарар бірнеше күннен кейін көпшілікке ұсынылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







