Франция парламентінде жаппай шерулер мен тәртіпсіздіктер кезінде келтірілген залалды тікелей бүлікшілердің өз қалтасынан өтетуді көздейтін заң жобасы қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Эммануэль Макрон бастаған Үкімет елде соңғы жылдары орын алған ең ауыр әлеуметтік толқуларды басу үшін осындай шараға барып отыр. Ресми билік жаңа құжат шеруден кейінгі тонау мен қиратулардан зардап шеккен кәсіпкерлер мен азаматтарға өтемақы төлеу үшін ауадай қажет деп санайды. Алайда құқық қорғаушылар мен тәуелсіз заңгерлер бұл бастамаға ашық қарсы шықты.
Заң жобасында қандай талаптар бар?
Құжатқа сәйкес, көшедегі тәртіпсіздіктер барысында мүлікке зақым келтірген немесе нысандарды бүлдірген тұлғаларға 10 мың еуроға (шамамен 11 150 доллар) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Заң жобасы «ортақ қаржылық жауапкершілік» нормасын қарастырады. Яғни қирату мақсатында жиналған топтың ішінде саналы түрде болған кез келген адам басқалар жасаған қылмыс үшін бірдей жауап беруі ықтимал.
Сонымен қатар полицияның екі мәрте тарау туралы талабына құлақ аспай, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупі бар жиында өз еркімен қала бергендер де осы жазаға ілігеді. Егер кінәлі деп танылған тұлғаның қаражаты жетпесе, мемлекет олардың әлеуметтік төлемдері мен тұрғын үй жәрдемақыларын бұғаттауға құқылы. Ал құқық бұзушы кәмелетке толмаған жағдайда, келтірілген залалды оның ата-анасы өтеуге міндеттеледі.
Құқық қорғаушылар мен заңгерлердің қатаң сыны
Сыншылардың айтуынша, заңдағы тұжырымдар тым бұлыңғыр жасалған. Салдарынан көшеге бейбіт ниетпен шыққан, алайда бұзақылық болған аумақтың маңында тұрып қалған қатардағы шерушілер де жазаға тартылуы әбден мүмкін.
Париждік заңгер Ханна Бушареб заң жобасы азаматтардың конституциялық құқықтарын тұншықтыратынын ескертті.
«Шеру өтіп жатқан аумақтың маңында бейбіт азаматтарға мүлдем қатысы жоқ күш қолдану мен мүлікті бүлдіру фактілері орын алуы мүмкін. Мұндай талаптар наразылық білдіру құқығына тікелей қатер төндіреді», – деді заңгер.
Amnesty International халықаралық ұйымы мен Францияның Адам құқықтары лигасы да құжатты қабылдамауға шақырды. Құқық қорғаушылардың бағалауынша, өзгенің жасаған әрекеті үшін басқа біреуді жауапқа тарту халықаралық құқықтық нормаларға қайшы келеді және қоғамдағы наразылық мәдениетіне үрей сеуіп, адамдардың көшеге шығуын заңсыз шектейді.
Үкіметтің уәжі және елдегі саяси текетірес
Францияның бизнес қауымдастығы соңғы наразылықтар салдарынан миллиондаған еуро шығынға батқанын айтып, дабыл қағуда. Сауда орындары тоналып, витриналар сынған. Ішкі істер министрі Лоран Нуньес Парламентте сөйлеген сөзінде бұл шараның шұғыл қажет болғанын мәлімдеді.
«Бұл заң жобасы ұжымдық емес, ортақ жауапкершілікті бекітеді. Азаматтардың басым бөлігі бір топ бұзақының кесірінен шығынға батпауы тиіс», – деп түсіндірді Ішкі істер министрі Нуньес.
Құжатты оңшыл және центристік күштер қолдаса, келесі президенттік сайлаудың көшбасшысы саналатын оңшыл саясаткер Марин Ле Пен бұл бастама бастапқыда өз партиясының ұсынысы болғанын айтып, заңды жақтады. Ал солшыл оппозиция өкілдері мұндай талап Франциядағы бейбіт шеру институтын біржола жоятынын алға тартып, қарсылық білдіруде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







