Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің энергетика саласында ондаған жылдар бойы қалыптасқан күмәнді схемаларды қатаң сынға алды. Мемлекет басшысы қыста көрші мемлекеттерден жарықты аса қымбат бағамен сатып алып, жазда оны су тегін кері қайтаратын делдалдардың «қарапайым бизнесін» әшкереледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қыста қымбатқа алып, жазда арзанға қайтару
Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы елдің экономикалық егемендігіне тікелей қатер төндіріп отырған ахуалды ашып көрсетті. Оның айтуынша, жауапты шенеуніктер аталған тәжірибені қалыпты құбылыс деп сендіруге тырысқанымен, мемлекет қазынасы жыл сайын миллиардтаған шығынға батып келеді.
«Жыл сайын Қазақстан энергетикасы елеулі тапшылыққа тап болады. Сондықтан қыста, яғни электр энергиясын тұтыну шарықтаған кезде көрші елдерден жоғары бағамен электр қуатын сатып аламыз. Ал жазда тауар керісінше күрт төмендетілген бағамен кері қайтарылады. Міне, ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан қарапайым ғана «бизнес» осы. Мені бұл энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе деп сендіруге тырысады», – деді Президент Тоқаев.
Мұндай схеманың кесірінен ел жыл сайын ең суық айларда сыртқы жеткізушілерге тәуелді болып, халық тұтынатын тарифтердің өсуіне жол ашып келеді.
Форум көп, маман аз: сәтсіз жобалардың тізімі
Қазақстанда қазір жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Алайда өнеркәсібі дамып, жасанды интеллект пен деректер орталықтарын көбейтуді көздеген ел үшін бұл көлем мүлде жеткіліксіз.
Президент салада нақты тер төгетін білікті инженерлер тапшы болғанымен, бос сөзге толы қымбат конференциялардың көбейіп кеткеніне назар аударды. Осы жауапсыздықтың салдарынан стратегиялық жобалар уақытылы іске қосылмай, созылып барады.
«Бізде кәсіби энергетиктер саусақпен санарлықтай ғана, ал энергетика мәселелеріне арналған форумдар мен пікірталастар таңғаларлық жиілікпен және кең ауқымда өткізіледі. Сондықтан кезінде Балқашта басталған ЖЭО құрылысын құлатып үлгергені де таңғалдырмайды. Қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосу жұмыстары сыр беріп отыр», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Алматының 2-ші және 3-ші жылу электр орталықтарын газға көшіру және жаңғырту жобаларының мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілуі соның айқын дәлелі.
Энергетикалық тапшылықтан кімдер байып отыр?
Тоқаев атап өткен «оп-оңай бизнес» – кездейсоқ пайда болған кемшілік емес, нақты топтардың мүддесіне қызмет етіп келген көлеңкелі нарық. Отандық генерация қуаттарының іске қосылмай қалуы ең алдымен энергетикалық делдалдар мен шекарааралық трейдерлерге аса тиімді.
Қазақстанда жаңа станциялар бой көтеріп, өз қажеттілігін өзі өтейтін деңгейге жетсе, шетелден миллиардтаған теңгеге электр энергиясын импорттау қажет болмай қалады. Тиісінше, сыртқы сатып алулардан, тарифтердің арасындағы баға айырмашылығынан және бюджеттік субсидиялардан майлы пайда көріп жүрген жеке компаниялар мен олардың жоғары кабинеттердегі қамқоршылары үлкен кіріс көзінен айырылады. Дәл осы себепті Балқаш, Түркістан мен Қызылордадағы жаңа нысандардың құрылысы түрлі сылтаулармен әдейі тежеліп келді деген күдік негізсіз емес.
2029 жылға дейінгі қатаң талап
Мемлекет басшысы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін Үкіметке 2029 жылға қарай елдің энергетикалық артықшылығына, яғни тұрақты профицитіне қол жеткізуді қатаң тапсырды. Ол үшін жаңа электр станцияларын салу, желілерді жаңғырту, «таза» көмір өндірісін дамыту және күн мен жел электр станцияларын көбейту міндеті қойылды.
Сондай-ақ Үкімет елдің 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді энергетикалық теңгерімін шұғыл қайта қарауы тиіс. Егер мемлекет энергия импортынан байып отырған делдалдардың жолын кеспесе және созылмалы құрылыстарға жауапты лауазымды тұлғаларды қатаң жазаламаса, ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп сейілмейді. Электр энергиясының жаңа дәуірінде өзгенің жетегінде кетпеу үшін Қазақстанға көзбояушы форумдар емес, нақты генерация мен қатаң мемлекеттік бақылау қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






