Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ірі дәулет пен активтерге ие азаматтар үшін жоғары салық мөлшерлемесін енгізуді талқылауды ұсынды. Мемлекет басшысы салық салудағы әділдікті қалпына келтіру үшін бай-бағландардың ел қазынасына шамасына сай және адал үлес қосуы қажеттігін қадап айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әділдік принципі: Тоқаев не айтты?
Мемлекет басшысы салық жүйесіндегі әлеуметтік теңгерімсіздікті жоюдың уақыты жеткенін айтып, мәселені жан-жақты зерделеуді Үкімет пен Құрылтайға жүктеді. Оның пікірінше, заңды мүлікке тиісу емес, табысы шаш-етектен келетіндердің қоғам алдындағы қаржылық жауапкершілігін арттыру басты орында тұруы тиіс.
«Салық салудағы әділдік мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Ірі байлық иелері үшін жоғары мөлшерлеме енгізу мәселесін талқылайтын уақыт келді деп санаймын. Ешкімнің заңды жолмен тапқан активтеріне қандай да бір шектеу қою көзделіп отырмағанын баса айтамын. Бұл Конституцияның өзіне қайшы болар еді. Сөз әр азаматтың еліміздің дамуына шамасына сай әрі адал үлес қосуы туралы болып отыр. Бұл – әділдік мәселесі», – деді Президент Тоқаев.
Сонымен қатар Президент салық жинауды жақсарту және көлеңкелі схемаларды жою үшін салық саласына жасанды интеллектіні қоса алғанда, озық цифрлық технологияларды енгізуді тапсырды.
Депутаттардың ұсынысы және сән-салтанат тізімі
Құрылтай қабырғасында Президенттің бастамасы қызу қолдауға ие болды. Депутаттар нақты қандай мүлік түрлері қосымша салық нысанына айналуы керектігін талқылауға кірісті.
Парламент кулуарында депутат Айдос Сарым дамыған елдердегі байлық мәдениетін мысалға келтіре отырып, шектен тыс сән-салтанат пен даңғойлықты салық тетіктері арқылы тежеу қажет екенін жеткізді.
«Ірі байларға салықты арттыру — әділеттің ғана емес, мәдениеттің де мәселесі. Біз бір жағынан мал шашпақты салықтық тұрғыдан шектесек, екінші жағынан мәдени жұмыстар да қатар жүргізіліп отыруы керек», – деді депутат.
Халық қалаулыларының айтуынша, бағасы 200 мың доллардан асатын қымбат көліктер, жеке ұшақтар мен тікұшақтар, яхталар, сондай-ақ бағалы металдар мен гауһар тастар арнайы тізімге кіруі мүмкін.
Офшорлар мен қымбат мүлікті жасыру айласы
Алайда бұл бастаманы жүзеге асыру барысында үлкен кедергілер туындайтыны сөзсіз. Қазақстандағы шынайы олигархтар мен аса ірі дәулет иелері өз активтерін қарапайым азаматтар секілді жеке карточкасында немесе өз атына тіркелген депозиттерде ұстамайды.
Тәжірибе көрсеткендей, миллиардерлердің қымбат виллалары, ұшақтары мен кәсіпорындары көбінесе шетелдік офшорлық компаниялардың, сенімгерлік қорлардың (трасттардың) немесе жүздеген делдал заңды тұлғалардың атына рәсімделген. Олардың ресми жалақысы төмен болып көрінгенімен, негізгі байлық дивидендтер арқылы немесе компания шығындары ретінде жазылып кетеді. Сондықтан жай ғана жеке табыс салығын көтеру арқылы олигархтардың қалтасын қағу мүмкін емес. Ол үшін капиталдың түпкі бенефициарларын анықтайтын қуатты қаржылық бақылау жүйесі қажет.
Орта таптың желкесіне түсетін жүкке айналмасын
Қоғамдағы ең басты қауіп – «байлық салығының» айналып келіп, тағы да орта таптың мойнына артылуы. Егер мемлекет «ірі байлық иесі» деген критерийді тым төмен белгілеп, оған бірнеше миллион теңге табыс табатын білікті дәрігерлерді, IT мамандары мен шағын кәсіпкерлерді теліп қойса, реформаның мазмұны біржола жойылады.
Нағыз олигархтар армиядай заңгерлерін жалдап, салықтан сытылып шығудың жаңа тетіктерін тауып жатқанда, заңға бағынатын қарапайым орта тап жазаланып қалмауы шарт. Әділетті салық саясаты дегеніміз – адал еңбекпен аяққа тұрған бизнесті тұншықтыру емес, елдің табиғи ресурстарын тегін иемденіп, миллиардтаған долларды шетелге асырған алпауыттардың нақты табысын ашыққа шығару. Үкімет пен Құрылтай әзірлейтін жаңа ережелер дәл осы жікті нақты ажырата білгенде ғана халық күткен әлеуметтік әділдік орнайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







