Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік органдардың әлеуметтік саясаттағы ұстанымын түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Мемлекет басшысы бюджет қаржысын оңды-солды таратып, халыққа жақсы көріну үшін жасалатын қадамдарды «нағыз популизм» деп атап, әлеуметтік көмек тек аса мұқтаж жандарға ғана берілуі тиіс екенін қадап айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бюджет есебінен ұпай жинауға тосқауыл
Ақордада сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы әлеуметтік саланың шенеуніктер үшін жеке беделін өсіретін саяси құралға айналмауы керектігін ескертті. Оның пайымдауынша, жаппай төлемдер тарату халықты масылдыққа үйретіп, елдегі еңбек құндылығын жойып жібереді.
«Әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж жандарға ғана берілуге тиіс. Мемлекет қаржысы есебінен ұпай жинауды, халыққа жақсы көрінуді біржола тоқтату қажет. Бұл – нағыз популизм. Біз қоғамда масылдық психологиясының белең алуына жол бермейміз. Мемлекеттік көмек азаматтарды масылдыққа емес, еңбекке ынталандыруы керек», – деді Президент Тоқаев.
Осылайша, Үкіметке әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесін қатаң сүзгіге салып, қаржыны тек қолынан еңбек келмейтін, тұрмысы аса төмен азаматтарға бағыттау міндеттелді.
Масылдықпен күрес пе, әлде бюджетті жамау ма?
Ресми деңгейде «масылдықпен күрес» деп жарияланған бұл бастаманың астарында қазынадағы созылмалы тапшылық жатқаны жасырын емес. Бүгінде республикалық бюджеттің шығындары кірісінен әлдеқайда асып кеткендіктен, Үкімет Ұлттық қордан триллиондаған теңгені трансферт ретінде алуға мәжбүр болып отыр.
Қаржылық жыртықты жамаудың ең оңай жолы – мемлекеттік әлеуметтік шығыстарды қысқарту. Жақында ғана Еңбек министрлігі Отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтарды санаттарға бөліп, 14 түрлі жәрдемақыны алып тастауды ұсынған еді. Сол арқылы ведомство үш жылда 2,5 триллион теңге үнемдеуді көздеп отыр. Президенттің соңғы мәлімдемесі осы қатаң бағытты нақты бекітіп бергендей.
Атаулы көмек және қысқарту қаупі
Жаңа саясатқа сәйкес, бұған дейін барлық балалы аналарға немесе мүгедектігі бар азаматтарға бірыңғай беріліп келген әмбебап төлемдер біртіндеп атаулы (мұқтаждығы қатаң тексерілетін) форматқа ауыстырылмақ. Егер отбасының атында көлігі, ипотекадағы баспанасы немесе банкте шағын жинағы болса, олар мемлекеттік қолдаудан тыс қалуы мүмкін.
Алайда бұл талаптар инфляция мен қымбатшылықтан қалжырап отырған орта тап пен табысы күнкөріс шегіне жақын мыңдаған отбасының әл-ауқатына үлкен соққы болуы ықтимал. Өйткені баға шарықтап тұрған шақта бірнеше ондаған мың теңгелік жәрдемақы көптеген отбасылар үшін соңғы тірек саналатын.
Әлеуметтік кепілдіктер құрбандыққа шалынбасын
Мемлекеттік бюджетті оңтайландыру қажеттілігі түсінікті. Алайда үнемдеу науқаны әдеттегідей қарапайым халықтың, балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың есебінен жүргізілмеуі тиіс. «Масылдықты жоямыз» деген ұранның артына тығылып, мемлекет өзінің басты конституциялық міндеті – әлеуметтік қорғаудан бас тарта бастаса, қоғамдағы сенім түбегейлі жоғалады.
Үкімет қазынадағы қаражатты үнемдегісі келсе, ең алдымен миллиардтар жұмсалатын сән-салтанатты жиындарды, шенеуніктердің қымбат көліктері мен кеңселерін, мемлекеттік сатып алулардағы алып жемқорлықты тоқтатуы қажет. Квазимемлекеттік алпауыттардың тиімсіз шығындары ашық қалғанда, халықтың жәрдемақысына көз тігу – шынайы әділеттілікке жатпайды. Әлеуметтік саясат бухгалтерлік қысқартуға айналмай, халықтың лайықты өмір сүруіне нақты кепілдік беруі шарт.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







