Павлодарда өткен жасөспірімдер арасындағы волейбол чемпионатында бапкердің жас спортшы қызға қол көтерген бейнежазбасы қоғамды дүр сілкіндірді. Ойын алаңының шетінде шәкіртінің басынан ұрған жаттықтырушының қылығына танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова ашық қарсылық білдіріп, спорттағы зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюды талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Біз КСРО-да өмір сүріп жатқан жоқпыз!»
Желіде тараған видеода Шымкент қаласынан келген жекеменшік клубтың бапкері Хамит Мырзабеков ойын кезінде кәмелетке толмаған волейболшы қызды қасына шақырып алып, оқыс қимылмен басынан ұрып жібергені анық көрінеді.
Отандық танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова бұл оқиғаға бейжай қарай алмай, әлеуметтік желідегі парақшасында қатаң мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, баланы қорқытып, соққыға жығу арқылы нәтиже талап ететін ескі кеңестік әдіс бүгінгі өркениетті қоғамға мүлде сай келмейді.
«Психологиялық қысым көрсетіп, қол көтеретін бапкерлер бар кезде біз қалай дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелейміз? Біз спортта күш қолдануды қолдап, мұны мінез шыңдаудың жолы деп санаған Кеңес Одағында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Мен зорлық-зомбылыққа да, спортшының құқығын таптауға да, буллингке де қарсымын. Әсіресе, жәбірленуші бала немесе қыз болса!», – деп жазды Сәбина Алтынбекова.
Сонымен қатар спортшы көптеген балалар командаларында қарапайым дәрігердің өзі жоқ екенін, психологиялық қолдау туралы айтудың тіпті артық екенін атап өтіп, федерацияны бапкерлердің біліктілігі мен мінез-құлқын қатаң тексеруге шақырды.
Жұмыстан қуылған бапкер және қылмыстық іс
Даулы бейнежазба қоғамда үлкен наразылық туғызғаннан кейін Ұлттық волейбол федерациясы дереу шешім қабылдап, Хамит Мырзабековті екі жыл мерзімге кез келген жарыстар мен педагогикалық қызметтен шеттетті. Ал жаттықтырушы қызмет еткен «Волейбол Кидс» жеке клубы оны жұмыстан босатқанын мәлімдеді.
Мәселеге құқық қорғау органдары да араласты. Павлодар облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Камераға түспеген қанша қорлық бар?
Павлодардағы оқиға балалар спортындағы жүйелі дерттің кішкентай бір көрінісі ғана. Егер осы жағдай кездейсоқ бейнекамераның объективіне ілінбей қалғанда, бапкер өз орнында қалып, шәкірттерін ұрып-соғуды жалғастыра берер ме еді деген заңды сұрақ туындайды.
Өкінішке қарай, еліміздегі көптеген спорт залдары мен секцияларда «таяқ еттен өтеді, сүйектен өтеді, мінез осылай шыңдалады» деген жабайы қағида әлі күнге дейін үстемдік құрып келеді. Ата-аналар болашақ чемпион өсіремін деп балаларын сеніп тапсырғанда, кейбір бапкерлер өздерінің дәрменсіздігі мен біліксіздігін соққы мен балағат сөздің артына жасырады. Ал жәбір көрген жасөспірімдер спорттан шеттеп қаламын деп қорқып, көрген қорлығын жылдар бойы ішінде сақтауға мәжбүр.
Билік пен спорт федерациялары тек желіде шу шыққанда ғана қимылдауды доғарып, балалар жаттығатын барлық спорт мектептері мен жеке клубтарға қатаң психологиялық және құқықтық мониторинг енгізуі тиіс. Балалармен жұмыс істейтін әрбір маманның эмоционалдық тұрақтылығы мен педагогикалық әдебі арнайы тексеруден өтпейінше, жасөспірімдерді қорлау мен соққыға жығу тыйылмайды. Спорт денсаулық пен рухты тәрбиелейтін орын болуы керек, қорқыныш пен жазасыздықтың ұясына айналмауы шарт.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







