Бүгін, 28 қазанда, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің Елшісі Алешка Симкичпен кездесті. Тараптар көлік-логистика, энергетика, экология және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы
Басқосуда Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселелері сөз болды. Аталған дәліз Еуропа мен Орталық Азия арасындағы сауда байланыстарын нығайтуға, жүк тасымалының тиімділігін арттыруға және жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық бағыт саналады.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктеріне тоқталып, әкімдік тарапынан бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
«Маңғыстау облысы географиялық орналасуы мен көлік-логистикалық мүмкіндіктері тұрғысынан халықаралық әріптестік үшін қолайлы өңір саналады. Әсіресе, Ақтау және Құрық порттарының әлеуетін тиімді пайдалану мен инфрақұрылымын одан әрі дамыту айрықша маңызға ие. Сонымен қатар, өңірде туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Біз екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған барлық бастаманы қолдауға дайынбыз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Инвестициялық әлеует пен сауда көрсеткіші
Өз кезегінде Еуропалық одақ Өкілдігінің Елшісі Алешка Симкич Маңғыстау облысының еуропалық компаниялар үшін инвестициялық мүмкіндіктері мол екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өңірдің туристік әлеуетіне назар аударып, осы саладағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Айта кетейік, Еуропалық одақ Маңғыстау облысының сыртқы сауда байланыстарында маңызды орын алады. Биыл қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша өңір мен Еуропалық одақ елдері арасындағы сыртқы сауда айналымы 872 млн АҚШ долларын құрады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







