Қазақстанның авиация нарығында ауқымды инфрақұрылымдық өзгеріс басталды. «ҚазМұнайГаз» бен испаниялық Exolum компаниясы («ҚазМұнайГаз-Аэро» және Exolum Aviation қатысуымен) авиаотын инфрақұрылымын дамыту бойынша үшжақты келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Exolum компаниясының Еуразияға алғашқы қадамы
Дүниежүзі бойынша 68 терминалды басқарып, 50 әуежайға қызмет көрсететін испаниялық алпауыт Еуразия аймағының нарығына алғаш рет аяқ басып отыр. Компания тек жанармай сатумен шектелмейді — ол халықаралық капитал, автоматтандыру және жанармай құю кешендерін басқарудың озық инженерлік стандарттарын ала келеді.
Jet A-1 стандартына көшу және JIG регламенттері
Қазақстандағы шетелдік транзиттік әуе компаниялары үшін басты тежеуіш фактор — бұрыннан келе жатқан инфрақұрылым мен кеңестік отын стандарттары (ТС-1/РТ). Exolum компаниясымен бірлескен жобалар қатаң түрде халықаралық Jet A-1 отыны мен Біріккен инспекциялық топтың (JIG) стандарттарына сай салынып, жаңғыртылатын болады.
Кеңестік отын стандарттарынан арылып, инфрақұрылымды жаңартпайынша, Қазақстан әуежайларын халықаралық транзиттік хабтарға айналдыру мүмкін емес.
Міндеттерді бөлу және технологиялар трансфері
«ҚазМұнайГаз» жергілікті нарықтағы сараптама мен мемлекеттік реттеушілермен өзара байланысты қамтамасыз етсе, Exolum озық технологияларды, қауіпсіздік стандарттары мен тікелей инвестицияларды тартады. Сондай-ақ отандық мамандарды оқыту мен халықаралық тәжірибені беру мәселесіне ерекше басымдық берілмек.
Жобаның келесі кезеңі
Қазіргі уақытта тараптар кешенді экономикалық талдауды (due diligence және ТЭН) бастап жатыр. Оның нәтижесі бойынша нақты қай әуежайлар қамтылатыны, салынатын инвестиция көлемі және өзара міндеттемелер айқындалады.
Егер бұл бастама жүзеге асса, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы авиациялық логистикадағы ең басты түйткілдердің бірін түбегейлі шешеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







