Қазақстанның ең ірі мегаполисі саналатын Алматы қаласында заманауи технологияларды енгізу және басқару жүйесін цифрландыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуден бастап, экологиялық мониторинг пен инфрақұрылымды жоспарлауға дейінгі процестер кезең-кезеңімен жасанды интеллект пен үлкен деректер (Big Data) негізінде қайта құрылуда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мегаполистің «цифрлық егізі»
Алматыны басқарудағы ең ауқымды жаңашылдықтардың бірі – қаланың виртуалды 3D көшірмесін, яғни «цифрлық егізін» жасау. Жоба әлемдік көшбасшылар саналатын Сингапур мен Шэньчжэнь тәжірибесіне негізделген және үш негізгі деңгейден тұрады.
Бірінші деңгей жер астындағы және үстіндегі барлық инженерлік инфрақұрылымды толық қамтыса, екінші деңгейде қала құрылысы мен көлік қозғалысын модельдеу жүзеге асырылады. Ал үшіншісі ауа сапасы секілді табиғи-климаттық өзгерістерді нақты уақытта бақылауға арналған.
Цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жаңабек қалалық жүйелерді бір орталыққа біріктірудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін әр салада бытырап келген мәліметтер ортақ базаға тоғыстырылады.
«Қазір қаланың әртүрлі жүйелері бөлек-бөлек жұмыс істеп жатыр, ал бұл қаланы жүйелі басқаруды қиындатады. Сингапур мен Шэньчжэнь қалаларының сәтті жобаларына сүйене отырып, біз мегаполистің цифрлық егізін толыққанды іске қосуды көздеп отырмыз. Ол инженерлік желілерді, көлік пен құрылысты оңтайландыруды және климаттық деңгейді бір арнаға тоғыстырады», – деді басқарма басшысы Олжас Жаңабек.
Жоба жаңа нысандарды салмастан бұрын оның жел бағытына, көлік қозғалысына және көршілес ғимараттарға тигізетін әсерін компьютерлік модельдеу арқылы алдын ала есептеуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық қауіпсіздік: 65 мың бейнекамера және бірыңғай «112» қызметі
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі кеңейтілді. Мегаполистегі камералардың саны 65 мыңнан асты. Бұл жүйеге жасанды интеллект пен бейнеталдау технологиялары енгізілген: ол оқыс оқиғаларды, көшедегі төбелесті, заттардың қараусыз қалуын автоматты түрде анықтап, полицияның жедел басқару орталығына хабар береді.
Сонымен қатар қаладағы барлық мемлекеттік мектеп пен балабақша кешенді қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Оқу орындарына кіреберіске Face ID арқылы танитын арнайы турникеттер, дабыл түймелері мен өртке қарсы датчиктер орнатылған.
Тағы бір ірі қадам – АҚШ-тағы 911 үлгісімен Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметін («112») іске қосу. Жаңа орталық өрт сөндіру (101), полиция (102) және жедел жәрдем (103) шақыруларын бір нүктеден қабылдап, тұрғындардың орналасқан жерін автоматты түрде анықтау арқылы шұғыл көмектің жету уақытын айтарлықтай қысқартуда.
Ақылды экология және коммуналдық бақылау
Алматының басты түйткілдерінің бірі экология болғандықтан, табиғатты қорғау шаралары да цифрлық форматқа көшірілді. Шаһар аумағында ауа сапасын қадағалайтын 296 датчиктен тұратын желі тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
Коммуналдық салада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын арнайы көліктердің қозғалысы GPS жүйесі арқылы бақылануда. Ал қоқыс жинайтын орындарға 730-дан астам бейнекамера орнатылып, тазалықтың сақталуы қадағаланып отыр. Су ресурстары мен су қорғау белдеулерін бақылау үшін алдағы уақытта арнайы дрондар инфрақұрылымын іске қосу жоспарланған.
Инновациялық хабтар мен болашақ қаланың келбеті
Цифрлық даму тек мемлекеттік қызметтермен шектелмейді. Алматыда жасанды интеллект саласын өркендету үшін «Almaty AI Hub» және «Almaty AI Park» жобалары қолға алынды. Мұнда отандық бағдарламашылар, IT стартаптар мен ғалымдар бас қосып, тың жобаларды әзірлейтін бірегей экожүйе жасақталуда.
Мегаполистің көлік жүйесінде де «ақылды» бағдаршамдар (АСУДД) мен электронды билеттеу мәліметтері негізінде жолаушылар ағынын реттейтін алгоритмдер қолданысқа енді. Цифрлық құралдардың көмегімен қала өмірінің әрбір саласы ашық, тиімді және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз ортаға айналу бағытында дамып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







