Қытай мен халықаралық ғалымдар тобы денисов адамдарының көне сүйек қалдықтары мен ақуыз құрылымын талдап, олардың өзіне тән сырт келбетін алғаш рет нақты сипаттап шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Денисов адамдары осыдан ондаған мың жыл бұрын Азия аумағын мекендеп, кейін жойылып кеткен ежелгі адамдар тармағына жатады. Бұған дейін олар негізінен ДНҚ үлгілері арқылы ғана танымал болды. Ғылымда сүйек материалдары тым тапшы болғандықтан, олардың қалай көрінгенін нақты айту қиын еді. Nature ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеу бұл олқылықтың орнын толтырды.
Жарты ғасыр бұрын табылған сүйектердің сыры
Зерттеу барысында мамандар Қытайдың солтүстігіндегі Сюйцзяяо археологиялық орнынан табылған 20 сүйек үлгісін қайта қарап шықты. Бұл қалдықтар өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында қазылып алынған болатын. Олар шамамен 138 мыңнан 199 мың жылға дейінгі кезеңге жатады.
Табылған жәдігерлер бастапқыда неандертальдықтарға немесе ежелгі саналы адамға тиесілі деп саналған. Алайда қазіргі палеопротеомика әдісі, яғни ДНҚ-ға қарағанда әлдеқайда ұзақ сақталатын көне ақуыздарды сараптау тәсілі сүйектердің денисов адамдарына тиесілі екенін дәлелдеді. Зерттеушілер 18 ежелгі ақуызды анықтап, коллаген құрамынан тек осы топқа тән ерекше мутацияны тапты.
Бас сүйек бітімі мен бет әлпеті
Ғалымдардың анықтауынша, денисов адамдарының анатомиясы басқа гоминин түрлерінің белгілерін бірегей түрде тоғыстырған. Бас сүйегінің қалыңдығы мен жалпақтығы тік жүретін адамға (Homo erectus) ұқсас болса, ішкі құлақ құрылымы неандертальдықтарға, ал кейбір тіс ерекшеліктері заманауи адамдарға жақын болып шықты.
Сонымен бірге олардың тек өзіне ғана тән сипаттары бар. Денисовтықтардың маңдайы жазық әрі артқа қарай қиғаш келген, қабақ сүйектері шығыңқы, ал бет сүйектері біршама тегіс болған. Бас сүйектің желке тұсы неандертальдықтарға қарағанда тіктеу орналасқан.
«Денисовтықтар өмір сүрген дәуірде Шығыс Азия аумағында басқа да ежелгі адам тармақтарының қатар тіршілік етуі әбден мүмкін», – деп түсіндірді зерттеудің тең авторы, палеогенетик Цяомэй Фу.
Көне туыстардың жаңа портреті
Зерттеушілер қолда бар морфологиялық деректер мен бұрынғы генетикалық мәліметтерді ұштастыра отырып, денисов ер адамының сыртқы бейнесін қайта жаңғыртты. Бұған дейінгі талдаулар олардың терісі қараторы, шашы мен көзі қоңыр болғанын көрсеткен еді. Жаңа реконструкцияда қалың қою шашты, ірі қабақты және тегістеу бетті денисов адамының айқын келбеті көрініс тапты.
Мамандардың пікірінше, бұл жаңалық Азия кеңістігінде жүздеген мың жыл бойы түрлі климаттық жағдайға бейімделген ежелгі адамдардың тарихын түсінуге тың серпін береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







