Қазақстанда қараша айында ірі жеткізушілер АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының көтерме бағасын тоннасына 10 мың теңгеге көтеруді жоспарлап отыр, бұл жанармай құю бекеттеріндегі бағаға тікелей әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бағаның өсуіне не себеп?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинский R1 Energy Group ұсынған ай сайынғы шолуға сілтеме жасай отырып, нарықтағы ірі жеткізушілер бағаны өсіруге ниетті екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» бен «КС Energy» компаниялары мұнайды өңдеуге беріп, дайын өнімді өздері сататын толлингтік жүйе бойынша жұмыс істейді.
Сарапшының түсіндіруінше, мемлекеттік реттеу тетіктерінің өзгеруі мен инфляция қарқынының бәсеңдеуі көтерме нарықтағы бағаның өсуіне алғышарт жасап отыр.
«Мемлекет 2025 жылдың басынан бастап бензин мен дизель бағасын реттеуді тоқтатты. Алайда ірі жанармай бекеттеріне бағаны ай сайын бірнеше теңгеге біртіндеп көтеру ұсынылған болатын. Ал сол жылдың қазан айында инфляцияны тежеу үшін үкімет АИ-92 мен дизель бағасының өсуіне мораторий енгізді. Қазір инфляция қарқыны бәсеңдеп келеді, сондықтан көтерме бағаны бірден 10 мың теңгеге көтеру әбден мүмкін», – деп жазды сарапшы Олег Червинский.
Жанармай бекеттерінде баға қалай өзгереді?
R1 Energy Group сарапшылары көтерме бағаның көтерілуі барлық жанармай бекеттерінде құн бірдей қымбаттайды дегенді білдірмейтінін алға тартады. Қазіргі уақытта ішкі нарықта жанармай қоры мол. Тек қазан айының ішінде мұнай базаларындағы АИ-92 және АИ-95 қоры 42 мың тоннадан астам артқан.
Сарапшылардың пікірінше, жинақталған отын қоры мен тәуелсіз жеткізушілер арасындағы бәсекелестік көтерме бағаның өсуін тежеуге немесе оның бөлшек саудаға таралуын баяулатуға қауқарлы.
Қазан айында сұраныстың әлсіздігіне байланысты АИ-95 маркалы бензин арзандау үрдісін көрсетті. Оның бір тоннасы Шымкентте шамамен 330 мың, Павлодарда 325 мың, ал Атырауда 305 мың теңге шамасында болды. Ал АИ-92 бензині тұрақтылық танытып, Шымкент пен Павлодарда тоннасына 280 мың теңге маңайында сатылды. Дизель отынының тоннасы орта есеппен 365 мың теңгені құрады.
Қысқы дизель отынының тапшылық қаупі
Дизель отынына қатысты нарықтағы жағдай екіұдай болып тұр. Егін жинау науқаны аяқталғандықтан, ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысы біршама төмендеді. Сонымен қатар Ресейден импортталатын отын бағасы да арзандаған. Дегенмен күн суытып, автокөліктер қысқы дизельге көшкен сәтте қиындықтар туындауы мүмкін.
«Қысқы маркаларға көшу, әсіресе солтүстік өңірлерде аязға төзімді жанармайдың жергілікті тапшылығы туындау қаупін күшейтеді», – деп ескертті R1 Energy Group сарапшылары.
Мамандардың қараша айына арналған базалық болжамы бойынша, дизель отыны мен АИ-92 бензині шамалы қымбаттайды, ал АИ-95 маркалы жанармай бағасы одан әрі арзандай түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







