Әлемдегі ең ірі чип өндіруші Nvidia корпорациясының директорлар кеңесі бас атқарушы директор әрі негізін қалаушы Дженсен Хуангқа қатысты тәуелсіз тергеу жүргізу туралы шешім қабылдады. Бұл тексеру оның қытайлық барлау қызметінің нысанасына айналғаны және шетелдік агентпен байланысы болғаны жөніндегі ақпараттардан кейін қолға алынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Даудың өршуіне АҚШ арнайы қызметінің Сингапурдегі Megaspeed компаниясының бұрынғы жетекшісі Элис Хуангқа қатысты деректері себеп болды. Америкалық құзырлы органдар оны Бейжің мүддесіне ақпарат жинаған және Қытайға заңсыз микрочип тасымалдауға қатысы бар тыңшы деп күдіктенеді. Айта кету керек, Megaspeed компаниясы кейінгі екі жылда Nvidia-дан 4,8 миллиард доллардан астам қаржыға озық жасанды интеллект чиптерін сатып алған.
Дженсен Хуангтың мойындауы мен кешірім сұрауы
Тергеу басталмас бұрын 63 жастағы Дженсен Хуанг компания қызметкерлеріне арнайы хат жолдап, жеке өміріндегі қателігін мойындады. Ол жұбайының көзіне шөп салғанын және отбасына ауыр соққы жасағанын мәлімдеді.
«Мен әйеліме адал бола алмадым. Бұл әрекетім жұбайым мен балаларыма қатты тиді. Істеген ісіме ешқандай ақтау жоқ. Шын жүректен кешірім сұраймын. Мен тағайындалған тексерісті толық қолдаймын және онымен жан-жақты ынтымақтасамын», – деп жазды Дженсен Хуанг өз хатында.
Бастапқыда Nvidia өкілдері Megaspeed басшылығымен кездесулерді қалыпты іскерлік байланыс ретінде түсіндірген болатын. Алайда АҚШ басылымдары мен барлау органдарының мәліметі жағдайдың қарапайым коммерциялық серіктестіктен әлдеқайда терең екенін көрсетті. Соған қарамастан, компания басшылығы корпоративтік құпиялардың жария болмағанына сенімді.
Директорлар кеңесінің ұстанымы
Қалыптасқан жағдайға байланысты Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз заң кеңесшілерін тартып, арнайы комитет құрды. Бақылаушылар тобы Дженсен Хуангтың Элис Хуангпен байланысын және компанияның қауіпсіздік хаттамаларының қаншалықты сақталғанын егжей-тегжейлі тексереді.
«Директорлар кеңесі үшін АҚШ-тың ұлттық әрі экономикалық қауіпсіздігі басты орында тұр. Бұл Nvidia мен біздің акционерлеріміздің мүддесі үшін аса маңызды. Қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздікке немесе компания құпияларына нұқсан келді деп айтуға еш негіз жоқ», – делінген ресми мәлімдемеде.
Қазіргі таңда нарықтық құны 4,5 триллион доллардан асатын технологиялық алпауыт тергеу жұмыстары өндіріс ырғағына әсер етпейтінін жеткізді. Дженсен Хуанг тергеу барысында өз қызметін толық көлемде атқара береді. Сонымен қатар жақын күндері аталған мәселе бойынша АҚШ Конгресінде арнайы тыңдау өтуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







