Қазақстанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірден алты бірдей микроқаржы ұйымының қызметінен түрлі кемшіліктер мен заңбұзушылықтар тапты. Қаржы реттеушісі компанияларға қатысты қадағалау шараларын қолданып, нақты талаптар жүктеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қай компаниялар тексеріске ілікті?
Реттеуші орган қарашаның алғашқы күндерінде жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша бірқатар ұйымға қатысты ықпал ету шараларын қолданды. Тізімге нарықтағы ең ірі қатысушылардың бірі саналатын «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» (Toyota Financial Services Kazakhstan), сондай-ақ Finbox, Keremet aqsha, Taj Finance, Agro Tech Credit және CreditBar компаниялары кірген.
Бес микроқаржы ұйымына заң талаптарын белгіленген мерзімде түзеу туралы жазбаша нұсқама берілді. Ал бір компанияға ресми жазбаша ескерту жасалды.
Қандай кемшіліктер тіркелді?
Әрбір микроқаржы ұйымына қатысты ескертулер мен талаптардың сипаты әртүрлі. Тексеріс барысында мынадай негізгі кемшіліктер белгілі болды:
Finbox: Актив көлемі бойынша нарықта 64-орында тұрған ұйым азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі кезеңінде қарызды талап ету құқығын үшінші тарапқа заңсыз өткізіп жіберген. Заңнамаға сәйкес, бұл кезеңде борышты басқа ұйымдарға сатуға тыйым салынады. Агенттік компанияға кемшілікті 3 желтоқсанға дейін түзетуді міндеттеді.
Finbox микроқаржы ұйымы 2024 жылы да лицензиясынан айырылып, кейін қызметін қайта жалғастырған ұйымдардың қатарында.
Toyota Financial Services Kazakhstan: Елімізде актив көлемі бойынша бірінші орында тұрған, Toyota және Lexus көліктерін несиеге рәсімдейтін ұйым несие бюроларына ақпарат беру және қарыз алушылардың несие тарихын қалыптастыру талаптарын бұзған. Несие тарихы азаматтардың алдағы уақытта басқа банктерден қаржы алу мүмкіндігіне тікелей әсер етеді. Агенттік ұйымға олқылықтардың орнын 20 желтоқсанға дейін толтыруды жүктеді.
Keremet aqsha (Ecommoney): Активі 793 миллион теңге болатын онлайн-несие беруші ұйым реттеушіге деректерді кешіктіріп ұсынған. Бұған қоса табысы немесе борыш жүктемесі коэффициенті белгіленген шектен асатын клиенттерге микронесие таратқан әрі биометриялық сәйкестендіру ережелерін бұзған.
Taj Finance (Finscredit): Тұтынушының арыз-шағымын қарау үшін қажетті құжаттар мен жауапты агенттікке уақытында тапсырмаған.
CreditBar: Актив көлемі 6,6 миллиард теңгені құрайтын қаржы ұйымы секьюритилендіру шарттарын толық сақтамай, қарызды өндіріп алу құқығын өз бетінше өзгелерге берген.
Agro Tech Credit: Меншікті капитал мен міндеттемелердің арақатынасы бойынша пруденциалдық нормативтерді орындамаған. Осыған байланысты агенттік бұл компанияға жазбаша ескерту жасады. Егер бір жыл ішінде осындай заңбұзушылық қайталанса, ұйымға қатаң қаржылық санкциялар салынады.
Қаржы секторындағы бақылау күшейді
Соңғы айларда агенттік микроқаржы секторының ашықтығына айрықша назар аударып, бақылауды қатайтып келеді. Жақында ғана жүйелі түрде ереже бұзған жеті микроқаржы ұйымының лицензиясы түбегейлі тоқтатылған еді.
Жазбаша нұсқама мен ескерту қадағалаудың алғашқы әрі жұмсақ түрі саналады. Алайда кемшіліктер жойылмаса, лицензияны тоқтату туралы қатаң шаралар қабылдануы мүмкін.
Мамандар несие ұйымдарына қойылатын талаптардың қатаңдауы азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шектен тыс қарызға бату тәуекелдерін азайтуға бағытталғанын атап өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







