Қазақстанда экологиялық таза көліктерге арналған жаңа үлгідегі мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің ресми стандарты бекітілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Ішкі істер министрлігі бекіткен жаңа ережеге сәйкес, жеңіл және жүк электромобильдеріне, сондай-ақ электробустар мен электрлі мотоциклдерге арнайы жасыл фондағы жеке мемлекеттік нөмірлер беріледі.
Жаңа нөмірлер қалай көрінеді?
Ресми түрде мақұлданған үлгілер бойынша, электромобильдердің нөмірлік белгісіндегі өңір коды жазылатын тұс жасыл түспен ерекшеленеді. Жеке және заңды тұлғаларға арналған көліктердің негізгі фоны ақ болып қала береді, ал әріптер мен цифрлар, сондай-ақ «KZ» белгісі қара түспен жазылады.
Түрлі санаттағы көліктер үшін арнайы түстік шешімдер қарастырылған:
Ішкі істер органдарының жедел қызметіндегі электромобильдердің негізгі фоны көк, өңір алаңы жасыл, ал жазулары ақ болады;
Дипломатиялық өкілдіктердің электр көліктері қызыл фон мен жасыл өңірлік алаңнан тұрады;
Шетелдік азаматтар мен шетелдік компанияларға тиесілі электркарларға сары фон мен жасыл белгі беріледі.
Жаңа стандарт 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап толықтай қолданысқа енеді.
Министрліктің уәжі: Камералар мен жеңілдіктер
Ішкі істер министрлігі мұндай өзгерістің техникалық және ұйымдастырушылық қажеттіліктен туындағанын алға тартады. Қазіргі уақытта елімізде 21 мыңнан астам электромобиль тіркелген. Заң бойынша оларға коммуналдық ақылы тұрақтарда тегін тұру сияқты бірқатар жеңілдіктер берілгенімен, көшедегі автоматтандырылған камералар мен сергек кешендері электр көлігін қарапайым бензинмен жүретін машиналардан ажырата алмай қиналатын.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл жаңашылдыққа бюджеттен артық ақша бөлінбейтінін және өзгеріс тек нөмірдің түсіне қатысты екенін түсіндірді.
«Біз тиісті компаниялармен барлық мәселені талқыладық. Электромобильдерге арналған мемлекеттік нөмірлерді жасауға бюджеттен қосымша қаржы қарастырылмайды. Тек алты айлық өтпелі кезең енгізіліп, осы уақыт ішінде барлық техникалық жұмыстар аяқталады», – деді Санжар Әділов.
Жауаптылардың пікірінше, жасыл белгі экологиялық көліктердің арнайы қуаттау бекеттеріне, экологиялық таза аймақтарға және қоғамдық көлік жолақтарына кедергісіз өтуін реттеуге жол ашады.
Экологияны түзеу ме, әлде көзбояушылық па?
Мемлекеттік органдар нөмірдің түсін өзгертуді үлкен прогресс ретінде көрсетуге тырысқанымен, қоғамда оның тиімділігіне қатысты күмән басым. Алматы, Астана және өзге де ірі өндірістік қалаларды қалың түтін мен улы смог тұншықтырып жатқан уақытта, экологияны құр металл тақтайшаның реңкін бояумен түзеуге бола ма деген сауал туындайды.
Қазақстанда электромобиль нарығының кең таралуына нөмірдің түсі емес, инфрақұрылымның жоқтығы кедергі болып отыр. Елдегі қуаттау бекеттерінің тапшылығы, қалааралық трассаларда электр желісінің дамымауы және электрокарлардың тым қымбаттығы халықтың жаппай экологиялық көлікке көшуіне мүмкіндік бермей келеді.
Темірдің түсін жасылға бояғаннан ауа тазарып, түтін сейілмейді. Нағыз экологиялық саясат жаңа мемлекеттік нөмірлерге тапсырыс беруде емес, сапалы инфрақұрылым құрып, таза энергияны қолжетімді етуде жатыр.
Нақты мәселелерді шешудің орнына нөмірдің түсін ауыстырумен айналысу көзбояушылыққа көбірек ұқсайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






