Мәскеуден Астанаға ұшып келген жолаушылар ұшағына жарылғыш зат қойылғаны туралы анонимді хабарлама түсіп, елорда әуежайында барлық арнайы қызмет дабылмен көтерілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Тәртіп сақшылары мен саперлер әуе кемесінің салонын толық сүзіп шығып, ақпараттың жалған екенін анықтаған соң, арандатушыны іздеуге кірісті.
Әуежайдағы шұғыл тексеру
Төтенше жағдай туралы ақпарат кешкі уақытта Астананың халықаралық әуежайына келіп түскен. Сол мезетте Мәскеуден көтерілген әуе кемесі елордаға жақындап қалған болатын. Ұшақ қонған бойда қауіпсіз қашықтыққа қойылып, оқиға орнына жедел әрекет ету жасақтары, кинологтар мен шұғыл медициналық көмек қызметі тартылды.
Жолаушылар дереу эвакуацияланып, лайнердің іші мен багаж бөлігі арнайы құрылғылардың көмегімен жіті қаралды.
Көліктегі полиция департаменті оқиға орнында жедел тексеру шаралары толық аяқталғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдері ұшақ бортында ешқандай қауіп болмағанын ресми түрде хабарлады.
«Астана әуежайына түскен хабарлама бойынша тексеру жүргізілді. Мәскеу – Астана рейсін орындаған ұшақтың салонын тексеру барысында жарылғыш құрылғылар мен өзге де тыйым салынған заттар табылған жоқ. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтап, ұстауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шаралары қолға алынды», – деп хабарлады көлік полициясы.
Тексеріс аяқталған соң әуежай штаттық кестеге сай жұмысын жалғастырды.
Айыппұл 21 миллион теңге немесе бес жылға соттау
Құқық қорғау органдары қоғамдық дүрбелең тудырып, мемлекеттік қызметтерді босқа аяқтан тік тұрғызғандарға заң бойынша қатаң жаза қолданылатынын ескертеді. Қылмыстық кодекстің 273-бабына сай, лаңкестік әрекет туралы жалған хабар таратқан адамдар 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (21 миллион теңгеден астам) айыппұл төлейді немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Мұнымен қоса, сотталған азаматқа дабылға шыққан полиция, құтқарушылар мен өрт сөндіру жасақтарының, сондай-ақ әуе компаниясы мен әуежайдың шеккен барлық шығындары толық өндіріледі. Аталған бап бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.
Телефон лаңкестігінің саяси астары
Кейінгі күндері Мәскеу бағытындағы әуе қатынасына қатысты келеңсіздіктердің жиілеуі кездейсоқтық па деген сауал туындайды. Осыдан екі күн бұрын ғана осы қаладан Алматыға бет алған ұшақ ақау салдарынан Астанаға қонуға мәжбүр болса, енді бомба қойылды деген ақпарат тарады.
Геосаяси жағдай ушығып, ақпараттық майдан қызып тұрған уақытта Ресей мен Қазақстан арасындағы негізгі әуе дәлізін нысанаға алу — кездейсоқ сотқарлықтан гөрі, психологиялық қысым мен арандатушылықты елестетеді. Шетелдік серверлерді пайдаланып, қоғамда үрей туғызуды және мемлекеттік құрылымдардың жұмысын тежеуді көздейтін үшінші күштердің бар екені жасырын емес. Жуырда Еуропаның бірнеше елінде де дәл осындай жалған хабарламалар толқыны жүріп, ондаған рейс әуре-сарсаңға түскен еді.
Мұндай қауіпті «әзілдердің» немесе киберлаңкестіктің алдын алу үшін арнайы қызметтер цифрлық ізге түсіп, қоңырау шалғандардың шынайы мекенжайын табуы тиіс. Авиация қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, жүздеген жолаушының өмірін саудаға салғандардың жазасыз қалмауы ел қауіпсіздігінің басты кепілі болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







