Күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын препараттар дұрыс пайдаланылмаған жағдайда бауырдың ауыр зақымдануына себеп болуы мүмкін. Ағзаның тек ішімдіктен ғана емес, танымал қоспалардан да қалай зардап шегетіні және дәрілік гепатиттен қалай сақтану керектігі туралы Дәрілік заттар және медициналық бұйымдар департаментінің фармакологиялық қадағалау және жарнама бөлімінің меңгерушісі Жылдыз Жұмағұлова баяндады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дәрілік гепатит деген не?
– Дәрілік гепатит деген не және оның вирустық гепатиттен айырмашылығы қандай? Бауыр тек ішімдік пен вирустан ғана зардап шекпейді деген рас па?
– Дәрілік (медикаментозды) гепатит – бұл дәрілік препараттардың бауыр жасушаларына уытты әсері салдарынан қабыну мен некроздың дамуымен сипатталатын бауыр зақымдануы. Бауырдың дәрілік зақымдануы рецепт бойынша немесе рецептсіз берілетін дәрі-дәрмектің барлық түрлерінен туындауы мүмкін және ол қабылдау басталғаннан кейін орта есеппен 5 күннен 90 күнге дейінгі аралықта пайда болады.
«Фармацевтикалық өндірістің дамуымен жаңа өнімдердің нарықтағы үлесі артып, бұл бауырға әсер ететін жағымсыз реакциялардың көбеюіне әкелді. Ол барлық дерлік дәрілер мен қоспаларды өңдейтіндіктен, қауіп-қатерге бірінші болып ұшырайды», – деді Жылдыз Жұмағұлова.
Зақымдану емделу үшін де, алдын алу үшін де қабылданатын препараттардан, сондай-ақ шөптер мен биологиялық белсенді қоспалардан (БАД) туындауы ықтимал.
Бауырдың зақымдану механизмдері
– Бауырдың зақымдануына қандай механизмдер себеп болады?
– Негізгі екі механизм бар:
Біріншісі – дозаға байланысты тікелей токсикалық әсер. Ол болжамды болып келеді, классикалық мысал – парацетамол: оны шамадан тыс қабылдағанда бауырдағы қорғаныс затының қоры таусылып, улы ыдырау өнімі жасушаларды зақымдайды.
Екіншісі – жеке реакция. Бұл сирек кездесетін әрі күтпеген жағдай, белгілі бір адамның иммундық және генетикалық ерекшеліктеріне байланысты және дозаға аз тәуелді. Қауіпті алкоголь, жас ерекшелігі, бауыр аурулары, бірнеше препаратты қатар қабылдау және дәрілердің өзара әрекеттесуі күшейтеді.
Бауырға ең көп қауіп төндіретін дәрілер
– Бауырдың токсикалық зақымдануына көбінесе қандай дәрілер себеп болады?
– Көбінесе туберкулезге қарсы, бактерияға қарсы препараттарды, анальгетиктерді және ісікке қарсы құралдарды қолданғанда байқалады. Дегенмен бұл тағайындалған емнен бас тартуға себеп болмауы керек. Дұрыс көрсетілім болғанда пайдасы қауіптен асып түседі және терапия дәрігердің бақылауымен өтеді.
– Қандай ауырсынуды басатын, қызу түсіретін дәрілер мен антибиотиктер сақтықты талап етеді?
– Парацетамолдың нұсқаулықта көрсетілген тәуліктік шекті мөлшерін асыруға және алкогольмен араластыруға болмайды, басқа дәрілердің құрамында бар-жоғын тексеру қажет. Диклофенак пен нимесулидті тек көрсетілім бойынша, қысқа курспен, ұзақ уақыт өз бетінше ішпей қолдану керек. Антибиотиктер, соның ішінде амоксициллин мен клавулан қышқылы тек дәрігер тағайындауымен қабылдануы тиіс. Емдеу курсын өз бетінше тоқтатуға да болмайды, шешімді тек дәрігер қабылдайды.
БАД-тар мен табиғи өнімдердің қаупі
– Арықтауға, ағзаны тазартуға арналған БАД-тар бауырға қаншалықты қауіпті?
– Бұл – күрделі мәселе. БАД-тар көбіне зиянсыз өнім ретінде қабылданады, алайда олардың кейбірінде биологиялық белсенді заттар жоғары концентрацияда болады. Бауырдың улануы, аллергиялық реакциялар туындауы мүмкін. Әсіресе бірнеше қоспаны құрамын білмей бір мезгілде қабылдау өте қауіпті. БАД дәрі болып саналмайды, олардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талап дәріге қарағанда әлдеқайда төмен.
«Май жағатын» өнімдерде бауырды зақымдайтын заттар жиі кездеседі, ал құрамы көпкомпонентті болғандықтан нақты қайсысы зиян тигізгенін анықтау қиын. Бұлшықет массасын арттыратын құралдардың құрамында қорапта жазылмаған анаболиктер болуы мүмкін. Ал «бауырды тазарту» әдістерінің дәлелденген пайдасы жоқ: бауыр зиянды заттарды өзі залалсыздандырады, ал агрессивті шөп жинақтары оған тек артық күш түсіреді.
– Дәрінің жарнамасындағы «табиғи» сөзі оның қауіпсіздігін білдіре ме?
– «Табиғи» сөзі тек шығу тегін сипаттайды, қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Көптеген күшті улар да табиғи тектен шыққан. Өсімдіктердегі кейбір белсенді заттар бауырға уытты әсер етеді. Ағзаға әсер ете алатын кез келген зат зиян да келтіре алады. Сондықтан оған дәрі сияқты қарау керек.
– Шөптер мен тұнбалар бауырды қатты зақымдауы мүмкін бе?
– Иә. Пирролизидинді алкалоидтары бар өсімдіктер, кава, жасыл шай сығындысының жоғары дозалары бауырдың ауыр зақымдануына әкелген жағдайлар тіркелген. Соңғы жылдары куркумин мен ашваганданы қолданғанда да бауырдың улану деректері сипатталды. Мәселе шөпке тыйым салуда емес, олардың концентратталған түрде немесе дәрілермен қатар ішкенде қауіпті болатынында.
Дәрі қабылдаудағы негізгі қателіктер
– Ғаламтордан, әлеуметтік желілерден сатып алынған өнімдердің қандай қаупі бар?
– Басты қауіп – сапа, қауіпсіздік пен нақты құрамға кепілдіктің жоқтығы. Оларда мәлімделмеген улы заттар, жарамсыз мерзім немесе қате дозалар кездесуі мүмкін. Дәрі-дәрмекті тек дәріханадан алу қажет.
– Адамдар дәрі қабылдағанда көбіне қандай қателіктерге бой алдырады?
– Негізгі қателіктер:
– Дәрі тезірек әсер етсін деп дозасын өз бетінше арттырады;
– Бірдей белсенді заты бар түрлі дәрілерді қатар ішеді (мысалы, тұмауға қарсы түрлі шәйлардағы парацетамол);
– Дәріні ішімдікпен бірге қабылдайды;
– Антибиотиктерді дәрігер тағайындауынсыз немесе өткен курстардың қалдығын ішеді;
– Таныстарының кеңесі бойынша денсаулық ерекшеліктерін ескермей дәрі қолданады;
– Қауіпті белгілер пайда болғанда дәрігерге баруды кейінге қалдырады.
Бауырды қалай қорғауға болады?
– Бауырды қорғау үшін өз бетінше гепатопротекторлар қабылдауға бола ма?
– Жоқ, мұндай қорғанысқа үміт артуға болмайды. Дәрілердің уытты әсерінен кепілді түрде қорғайтын әмбебап гепатопротектор жоқ. Жарнамаланатын көптеген құралдардың дәлелді базасы өте шектеулі. Кез келген қосымша дәрі бауырға қосымша салмақ түсіреді.
«Бауырды ең жақсы қорғау жолы – артық нәрсе қабылдамау және рұқсат етілген дозадан асырмау», – деп түйіндеді маман.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







