Жаңартылған тамақтану жөніндегі ресми нұсқаулықтарда ондаған жылдар бойы шектеліп келген толық майлы сүт өнімдеріне көзқарас өзгеріп, оларды күнделікті мәзірге қосуға рұқсат берілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұзақ уақыт бойы дәрігерлер мен диетологтар тек майсыздандырылған немесе майы аз сүт өнімдерін тұтынуға кеңес беріп келген еді. Алайда жүргізілген соңғы зерттеулер толық майлы сүт, қаймақ, йогурт және ірімшіктің жүрек-қан тамырлары аурулары қаупін тікелей арттырмайтынын, керісінше ағзаға тигізер белгілі бір пайдасы бар екенін көрсетті.
Ғалымдар неліктен пікірін өзгертті?
Сарапшылардың мәліметінше, сүт өнімдері ағзаға тек май ғана емес, ақуыз, кальций, дәрумендер мен минералдардың бай кешенін ұсынады. Сонымен қатар ашытылған сүт өнімдері құрамындағы пайдалы бактериялар зат алмасу процесін жақсартуға ықпал етеді. Сүт қан қысымын түсіруге көмектессе, ірімшік пен йогурт қант диабетінің даму қаупін төмендететіні ғылыми түрде дәлелденген.
«Тағамның құрамы өте күрделі құрылымнан тұрады. Сондықтан таңдауды тек қаныққан майдың көлеміне немесе калориясына ғана қарап жасауға болмайды. Ғылыми дәлелдер майлы өнімнің орнына майсыздандырылған сүтті таңдау айтарлықтай басымдық бермейтінін көрсетеді», – деді Бостондағы Тафтс университетінің профессоры, кардиолог Дариуш Мозаффарян.
Маманның айтуынша, толық майлы сүттің кейбір артықшылықтары бар. Мысалы, табиғи майлар адамды тез тойдырып, ағзаның қосымша зиянды көмірсулар мен қантқа тәбетін тежейді.
«10 пайыздық» шектеу және күнделікті рацион парадоксы
Жаңа тағамдық ұсынымдар толық майлы сүт өнімдерін қолдануға мүмкіндік бергенімен, қаныққан майларды тұтынуға қатысты қатаң шектеуді алып тастаған жоқ. Денсаулық сақтау ұйымдары қаныққан майлардан алынатын энергия тәуліктік калорияның 10 пайызынан аспауы тиіс деген ережені сақтап қалды. Бұл жайт қатардағы тұтынушы үшін белгілі бір түсінбеушілік тудырады.
Күніне 2000 калория тұтынатын адам үшін қаныққан майдың тәуліктік шегі шамамен 22 грамнан аспауы керек. Ал толық майлы сүт, майлы йогурт пен бір тілім ірімшіктің өзі осы лимиттің 17 грамын толтырып тастайды.
Гарвард университетінің тамақтану саласындағы сарапшылары осы есепке назар аударады. Егер мәзірге майлы ет, сары май немесе қуырылған тағамдар қосылса, күнделікті қауіпсіз нормадан асып кету өте оңай.
Кімдерге сақтық танытқан жөн?
Жаңа ереже майлы сүтті шектеусіз ішуге болады дегенді білдірмейді. Мамандардың сөзінше, ең басты назар адамның жалпы денсаулық жағдайына аударылуы қажет. Әсіресе қандағы «жаман» холестерин (LDL) деңгейі жоғары, жүрек ишемиясы немесе атеросклерозға бейім адамдар қаныққан майларды мұқият қадағалауға міндетті.
Диетологтар ас мәзірінде толық майлы сүт өнімдеріне орын беруге болатынын, бірақ күнделікті тамақтану үлесінде зәйтүн майы, жаңғақтар, тұқымдар мен майлы балық секілді өсімдік тектес әрі пайдалы майлар басым болуы тиіс екенін ескертеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







