Күнделікті өмірде смартфонның суға немесе басқа да сұйықтыққа түсіп кетуі – жиі кездесетін жағымсыз жағдайлардың бірі. Қазіргі заманауи құрылғылардың көбі ылғалдан қорғайтын стандарттармен жабдықталғанымен, асығыс немесе қате жасалған әрекеттер бағасы қымбат техниканы біржола істен шығаруы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Технология саласының сарапшылары интернетте кең таралған кейбір кеңестердің іс жүзінде кері әсер ететінін ескертіп, телефонға сұйықтық тиген сәтте адамдар жиі жіберетін негізгі қателіктерді атап өтті.
Су тиген құрылғыны бірден қуаттауға болмайды
Ылғал тиген гаджетті бірден розеткаға қосу – оны біржола бүлдірудің ең төте жолы. Сұйықтық электр тогын жақсы өткізетіндіктен, қуаттау ұясы мен контактілерге ток түскен кезде жүйеде қысқа тұйықталу орын алады.
«Ылғал өткізгіш болып саналады, сондықтан су тиген қосқыш арқылы ток өтсе, микросұлбалар күйіп кетуі мүмкін. Құрылғыны кәдімгі қуаттағышқа қоспас бұрын, оны кем дегенде 48 сағат табиғи түрде кептіру қажет».
Apple, Google және Samsung сияқты өндірушілер телефондарға ылғал сезгіш датчиктер орнатады. Олар су тамшыларын байқаған жағдайда қуаттау процесін автоматты түрде бұғаттайды. Егер шұғыл байланыс қажет болса, тек сымсыз қуаттау әдісін пайдалануға болады, себебі ол ашық порттармен байланыспайды.
Фен мен сыртқы жылу көздерін қолдану қаупі
Кептіру процесін тездету үшін шаш кептіргіш фенді, пешті немесе құрылғыны аптап ыстықта күннің астына қоюға мүлдем болмайды. Жоғары температура смартфонның корпусын қисайтып, дисплейдің сапасын бұзады.
Сонымен қатар қатты жылу экранды, артқы панельді және батареяны бекітіп тұрған арнайы желімдерді ерітіп жібереді. Нәтижесінде «сауна әсері» пайда болып, су буға айналады да, микросұлбалардың терең қабаттарына өтіп кетеді. Жоғары қызудан литий-ионды батареяның ісіну немесе жарылу қаупі де артады. Сондықтан телефонды өшіріп, бөлме температурасында сақтаған жөн.
Күріш құтқармайды: ескірген аңыздың кері әсері
Суланған құрылғыны құрғақ күріш салынған ыдысқа салу – кең тараған аңыздардың бірі. Күріштен бөлінетін ұсақ крахмал мен тозаң ылғал қосқыштарға жабысып, уақыт өте келе қатып қалады. Мұндай ластануды тазалау оңайға соқпайды.
«Күріштің құрамындағы ұсақ шаң дымқыл порттарға тығылып, қосымша зиян тигізеді. Сұйықтықты сіңіру үшін күріштің орнына аяқ киім немесе киім қораптарынан шығатын арнайы силикагель пакеттерін қолданған әлдеқайда тиімді».
Honor және Asurion мамандары телефонды ауа кірмейтін ыдысқа бірнеше силикагель пакетімен бірге салып қоюды ұсынады. Ол ылғалды құрылғының бөлшектеріне зақым келтірмей тартып алады.
Телефонды қатты сілку және сұйықтықты дұрыс тазарту
Суды сыртқа шығарамын деп телефонды қатты сілкілеуге болмайды. Мұндай әрекет сұйықтық тамшыларын микроскопиялық саңылаулар арқылы корпустың тереңіне қарай итеріп жібереді. Құрылғыны сәл ғана еппен қағып, қуаттау портын төмен қаратып қою жеткілікті. Ауырлық күшінің әсерінен су өзі төмен ағады.
Бұл ретте қапты шешіп, SIM-карта науасын алып тастау маңызды. Егер телефонға таза су емес, тәтті шырын, сорпа немесе кофе төгілсе, оны дереу өшіріп, микрофибра матасымен және изопропил спирті негізіндегі ерітіндімен ұқыпты тазалап, содан кейін ғана кептіруге қалдыру қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







