Америкалық барлау қызметінің жаңа деректері бойынша, Иран Вашингтонда «лас бомба» немесе химиялық қару қолдану арқылы Дональд Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды шенеуніктеріне қастандық жасау нұсқаларын қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
CNN телеарнасының жеті бірдей америкалық шенеунікке сілтеме жасап хабарлауынша, Тегеранның бұл әрекеттері әзірге тікелей шабуыл жасауға емес, қолдағы мүмкіндіктер мен нұсқаларды көбейтуге бағытталған. Дегенмен алынған мәліметтерде нақты нысандар мен орындар тізімі көрсетілгендіктен, Вашингтон шұғыл қауіпсіздік шараларын күшейтуге көшті.
Қауіпсіздік шаралары және нақты нысандар
Иран тарапынан төнген қауіп-қатерге байланысты өткен аптада АҚШ Құпия қызметі Қаржы министрі Скотт Бессентті әскери қалашықтағы арнайы баспанаға көшірген. Соңғы күндері мемлекеттік құрылымдар мен арнайы қызмет өкілдері ықтимал қауіпке қарсы іс-қимыл жоспарын бірнеше мәрте талқылаған.
«Қазіргі таңда АҚШ аумағына тікелей төніп тұрған нақты қауіп жоқ, алайда мемлекет барлық ықтимал қатерді жіті қадағалап отыр», – деп мәлімдеді Ақ үйдің ресми өкілі Лорен Бис.
Барлау мәліметіне сәйкес, Вашингтон Тегеранның мұндай қадамдарын әскери соққылар мен қатаң экономикалық блокада жағдайындағы жағдайды ушықтыру амалы деп бағалайды. Бірақ америкалық шенеуніктер арасында Иранның мұндай ауқымды терактіні нақты жүзеге асыруға қауқары жете ме деген сұрақ бойынша ортақ пікір жоқ.
АҚШ аумағындағы ықтимал материалдар мен Тегеранның жауабы
Дереккөздердің бірі барлау органдары Иран ішіндегі байланыстардан жарылғыш құрылғыға қажетті бөлшектер АҚШ жеріне әлдеқашан жеткізілгені туралы дерек ұстағанын айтты. Мамандар химиялық немесе радиологиялық материалдардың ел ішіне алдын ала кіргізілу ықтималдығын жоққа шығармайды. Шабуылды жүзеге асыру үшін Иранға тек Америка аумағында тұрып жатқан орындаушыны табу жеткілікті болуы мүмкін деген болжам бар.
«Иран қандай да бір жағдайда химиялық қару қолдануды заңсыз деп санайды және осыған қатысты ойдан шығарылған барлық айыптауларды түбегейлі жоққа шығарады», – деді Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің баспасөз хатшысы.
Сонымен бірге Тегеран өкілі дипломатиялық түсініктемесінде «лас бомба» туралы ақпаратқа нақты тоқталмады. Әзірге Америка билігі қорғаныс хаттамаларын күшейтіп, мемлекеттік қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






