Вице-президент Ерлан Қарин Президент Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында кәсіби мамандармен кездесу өткізіп, қазақ тілінің нормаларын жетілдіру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақордада өткен кеңеске Ұлттық ғылым академиясының академиктері, көрнекті тілтанушы ғалымдар, Құрылтай депутаттары, Үкімет пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосу барысында осы саладағы жұмысты ұйымдастыру мен үйлестіру, мамандардың ұсыныстарын саралау және жаңа ережелерді бекіту тәртібі қаралды.
Президент Тоқаевтың тапсырмасы мен жаңа жоба
Кездесу барысында Президент Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында жүктеген маңызды тапсырмаларына баса екпін берілді. Мемлекет басшысы ана тіліміздің емлесі мен ережесін жүйелеу, сөздіктерді заман талабына сай жаңарту, қолданыстағы ұғымдарды біріздендіру және сөздік қорын цифрлық форматқа көшіру жөнінде нақты міндеттер белгілеп берген болатын.
Вице-президент Ерлан Қарин Мемлекет басшысының бастамасы халық арасында кең қолдау тапқанын және осы тапсырмалар негізінде елімізде ауқымды ұлттық жоба басталатынын мәлімдеді.
«Президент «Қазақ тілі» қоғамының жуырда өткен құрылтайында қазақ тілінің емлесі мен ережесін жүйелеу, сөздіктерді жаңарту, қолданыстағы сөздер мен ұғымдарды біріздендіру, сөздік қорымызды цифрлық форматқа көшіру секілді маңызды мәселелерге назар аударған болатын. Бұл іргелі бастама ел ішінде кең қолдау тапты. Соның негізінде отандық ғалымдар мен сала мамандары ұлттық ауқымдағы үлкен жобаға кіріседі. Оларға маңызды тарихи миссия жүктеліп отыр», – деді Ерлан Қарин.
Ғылым мен инновацияға бағытталған жаңа инфрақұрылым
Вице-президент Президент Тоқаев белгілеп берген шаралар қазақ тілінің бүгінгі қолданысын реттеп қана қоймай, болашақтағы қарышты дамуына берік негіз қалайтынын атап өтті. Бұл орайда негізгі жауапкершілік тікелей ғалымдар мен білікті мамандарға жүктеледі.
Ерлан Қарин мемлекеттік тілдің қазіргі замандағы негізгі міндетіне ерекше тоқталды.
«Ғалымдар мен сарапшылардың алдында тұрған басты міндет – қазақ тілінің нормативтік негіздерін бір жүйеге келтіріп, оның келешекте қарыштап дамуын қамтамасыз ететін жаңа ғылыми, ұйымдастырушылық және технологиялық инфрақұрылым қалыптастыру. Бұл қадам қазақ тілін одан әрі жетілдіруге оң ықпал етеді. Сондықтан бұл іспен, ең алдымен, ғалымдар мен кәсіби мамандар айналысуы керек. Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай іс оңбайды» деген кең таралған сөзіне енді басқа пайым тұрғысынан қарау керек. Яғни, қазақ тілі ғылым мен инновация тіліне айналмай, ісіміз ілгерілемейді», – деп түсіндірді ол.
Жиын барысында сөз алған тіл жанашырлары мен ғалымдар тарихи маңызы бар бастамаға жол ашып, үлкен сенім артқан Президент Тоқаевқа ризашылықтарын жеткізді.
Әмбебап сөздіктер мен цифрлық платформа
Жоба шеңберінде қазақ тілінің нормалары мен ережелеріне арналған 6 анықтамалық және 19 негізгі сөздік әзірлеу көзделіп отыр. Олардың қатарына орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық және терминологиялық басылымдар енеді.
Бұған қоса ғалымдар 9 академиялық аударма сөздігін жарыққа шығарады. Дайындалған барлық ғылыми еңбек «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» атты ұлттық цифрлық платформаға топтастырылып, көпшіліктің пайдалануына ұсынылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







